Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жалпы ішкі өнімге шаққандағы көлеңкелі экономика 23% төмендеді

2020 жылдың 30 маусым 2020 09:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шараларды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында 2025 жылға қарай ЖІӨ шаққандағы көлеңкелі экономика үлесін 20%-ке дейін төмендету индикаторы көзделген.

«Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Үкімет Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған шаралар жоспарын жүзеге асыруда. Жоспардың негізгі бағыттары: салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру; қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту; қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл және заңнаманы жетілдіру болып табылады. Жоспарда қабылданған шаралар арқылы өткен жылы көлеңкелі экономика жалпы ішкі өнімге шаққанда 23,62%-ке дейін төмендеді», - деді Б. Шолпанқұлов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Әсіресе, сауда саласында көлеңкелі экономиканың айтарлықтай төмендегені байқалады (10,7%). Өзге де салалар бойынша – «Көлік және қоймалау» – 17%, «Ауыл, орман және балық шаруашылығы» – 9,7%, «Құрылыс» – 8,3%, «Өңдеу өнеркәсібі» - 6,5% дейін төмендеген.

«2019 жылы бюджетке қосымша 1,5 трлн теңге түсті. Түсімнің негізгі сомасы - шамамен 916 млрд теңге салық және кедендік цифрландырудан түскен. Қалған 580 млрд теңге басқа бағыттарға тиесілі», - деді спикер.


Жоғары қарай