Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Жалпыға міндетті оқу қорынан қандай көмек қарастырылған

2019 жылдың 24 шілде 2019 16:47

НҰРСҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау қалай іске асып жатқанын Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әнуар Жанғозин әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау екі бағытта жүргізілетінін айтты. Оның бірі жалпыға міндетті оқу қоры арқылы іске асса, екінші бағыт «Мектепке жол» және «Жүректен жүрекке» акциялары арқылы өтеді.

«Жалпыға міндетті оқу қорының көмегіне атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың, жан басына шаққандағы табыс көлемі төменгі күнкөріс мөлшерінен аспайтын жанұялардың, төтенше жағдайға тап болған үйлердің балаларына және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға қарастырылған. Қордың аясында көмектің бірнеше түрі енген. Яғни, күніне бір рет ыстық тамақ, мектеп формасы, спорттық киім, кей жағдайда қысқы жылы киімдер, мәдени-спорт шараларға қатысу шығыны, отбасы мүшесі төтенше жағдайда қайтыс болған жағдайда қаржылай көмек, ай сайын толтырылатын жолақы карточкасы, кеңсе тауарлары және жазғы лагерь тегін ұйымдастырылады», - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, әр мектептің жалпыға міндетті оқу қоры бюджеттен оқу жылына бөлінген қаражаттың бір пайызынан кем болмауы тиіс.

«Өткен оқу жылында қор арқылы 2000-нан астам бала көмек алған. Биыл әзірге 5000-нан астам өтініш түсті. Алдағы уақытта бұл сан 8000-нан асады деген болжам бар», - дейді Әнуар Жанғозин.

Ол сондай-ақ аталмыш қаражатқа алынған мектеп формасының сапасына сын көп айтылатынына тоқталды.

«Форманың сапасы бойынша шағымдар көп түседі. Биыл осы формаларды қабылдап алатын комиссия құрамына ата-аналар да кіретін болады», - деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында «Мектепке жол» акциясының аясында көмек алуға 3000-ға жуық бала тіркелгені де айтылды.

«Былтыр акция аясында 7,5 мың балаға 153 млн теңгенің көмегі көрсетілген болатын. Биыл да демеушілерді осы акцияға белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл акция аясында ең әуелі оқушыларды кеңсе тауарларымен, мектеп және спорт формасымен қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Акция қандай да бір себептермен жалпыға міндетті оқу қорының көмегіне енбей қалған оқушыларға арналған», - деді ол.

Жоғары қарай