Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 376.42
EUR 417.41
RUB 6.09
CNY 54.54

Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде алдыңғы қатарда

2019 жылдың 19 қараша 2019 05:00

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Тараз қаласында ауыл шаруашылық және тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов атаулы күнге арнайы ұйымдастырылған думанды жиынның ашылуында сөз алып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемелерімен құттықтады. Жетістіктері мен жемісті жұмыстарын саралап, еңбектерін айрықша атап өтіп, үстіміздегі жылы үздік деп танылған шаруашылық өкілдерін марапаттады.

«Бұл мереке – жер ананы идіріп, қырманды қызыл дәнге толтырғандардың, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасайтын, еліміздің және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың мерекесі. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған негізгі драйверлердің бірі екендігі даусыз.

Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы нәтижесінде облыстың өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасты, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді.

Аталған жұмыста сала қызметкерлері – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің, яғни сіздердің еңбектеріңіз орасан зор»,-деді өз сөзінде өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі биылғы жылғы жеткен жетістіктерге атсалысып, аянбай тер төккен еңбеккерлерге алғысын айтып, алдағы уақытта атқарылар шаруа да аз еместігіне көңіл бөлді. Шара барысында бірқатар азаматтарға облыс әкімінің, тиісті басқарманың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары табысталды. Жиын соңы облыстық көркемөнерпаз ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып отыр. Биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30,4 миллиард теңге бөлінді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14,9 миллиард теңгеге артық.

Жалпы республика бойынша, оның ішінде Жамбыл өңірінде де ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Аймақта ағымдағы жылдың 10 айында 275,6 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 104,4 пайызды құрады. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Салаға 22,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 123,7 пайызға артты. Өңірде жыл басынан бері 614 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 7,3 пайызға жаңартылған.

Жоғары қарай