Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысы тұрғындарының орташа жалақысы - 203 мың теңге

2021 жылдың 13 қазан 2021 14:25

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ағымдағы жылдың екі тоқсанында орташа айлық жалақы 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өскен.

Жиынға бейнеконференция режимінде қатысқан аудан әкімдері жыл қорытындысымен кемшіліктерді түзететіндіктерін жеткізді.

«Көрсеткіштер жаман емес. Бірақ сіздер әлі де жұмысты күшейте түсу керексіздер. Экономикалық көрсеткіштер жүз пайыздан жоғары және орташа республикалық көрсеткіштен төмен болмауы тиіс. Біздің міндетіміз – өңірдің экономикалық даму қарқынын бәсеңдетпеу. Ешқандай сылтау қабылданбайды. Аудан әкімдері, басқарма басшылары күн сайын негізгі экономикалық индикаторлардың орындалуын талдап отыруға міндетті. Жыл аяқталуға жақын, кемшіліктерді тез арада жою керек», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бұдан соң баяндама жасаған қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев бюджет кірістері 4 пайызға ұлғайып, 334,1 миллиард теңгені құрағанын хабарлады. Өзіндік кірістер 70,7 миллиард теңгені құрап, 22,5 пайызға артқан. 341,1 миллиард теңге игерілсе, бұл жалпы қаражаттың 99,8 пайызын құрайды. Бюджетті игеруде Шу және Жуалы аудандары сылбырлық танытып отыр.

«Бөлінген ақшаны неғұрлым тиімді игеріп, қолда бар резервтерді ұтымды пайдалану керек», - деп талап етті облыс әкімі.


Жоғары қарай