Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жамбыл облысында 33 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр

2022 жылдың 30 қаңтар 2022 18:14

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар кешенді шара қабылданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде «Тараз» ӘКК» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаевтің айтуынша, өңірдегі сауда нүктелерінде баға тұрақтылығы басты назарға алынған. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге септігін тигізіп отырған корпорацияның аталған қоры арқылы облыс тұрғындары арзан өніммен қамтамасыз етіліп отыр.

«Бүгінгі күні аймақта барлығы 33 әлеуметтік дүкен мен павильондар жұмыс істеуде. Оның 22-сі Тараз қаласында орын тепкен, қалған 11 дүкен аудан орталықтарында орналасқан», - деп түсіндірді Арман Түймебаев.




Ол өткен жылы Тараз қаласының әлеуметтік павильондары мен сауда нүктелерінде «Тараз» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорының күріш, ұн, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылғанын атап өтті. Нақтылай айтқанда, 406,7 млн теңгеге 3 060 тонна азық-түлік тауарлары сатып алынған екен. Сондай-ақ 2021 жылы 4 506,1 тонна тауар, 30,5 мың бөлке нан және 339,36 мың дана тауық жұмыртқасы сатылған.

Сонымен қатар, брифингіде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға қатысты бірқатар бағыт бойынша жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар сауда үстемесі мөлшерінің сақталуын бақылау бойынша жұмыстар жүргізуде. Дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемақы қою 15% аспауы тиіс. Алайда, бақылау жұмыстарын жүргізуде үйде орналасқан дүкендердің көптігіне және осы дүкендерде ресми құжат айналымының болмауы сияқты қиындықтар кездеседі. Бұл дүкендер бойынша облыс аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің бақылау бойынша мониторингтік топтары нақты жұмыс жүргізетін болады», - деді басқарма басшысы.




Жоғары қарай