Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталуда

2020 жылдың 24 шілде 2020 22:51

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейнеконференция режимінде өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері республикалық орташа көрсеткіштен жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Атқарылған жұмыс аз емес. Алайда ол жолда кездескен кедергілер де жоқ болды. Облыс әкімі баяндамашылардан кеткен кемшіліктер мен оларды жою жолдарына баса назар аудару керектігін ескертті.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова есепті мерзімде экономикалық өсім 101 пайызды құрағаның деп хабарлады. Өнеркәсіп өндірісінде (101,5%), ауыл шаруашылығында (102,7%), құрылыста (121,2%) оң динамика байқалады. Тұрғын үйді пайдалануға беру 10,9 пайызға немесе 250 мың шаршы метрге артқан. 139,2 млрд.теңге инвестиция тартылса, бұл 6,4 пайызға көп.




Бұл кезеңде өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар 237,5 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, нақты көлем индексі 101,5 пайызды құрады. Саладағы өсімге тау-кен, өндеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтаудағы оң көрсеткіштердің есебінен қол жеткізілді. Осы орайда артта қалғандар қатарына Меркі (өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,3 пайыз аз) және Мойынқұм (3,6 пайыз) аудандары кіреді. Мойынқұм, Қордай, Сарысу аудандарында ұсақ мал басы, Байзақ, Меркі аудандарында түйе саны, Жамбыл ауданында құс азайғандығы белгілі болған. Ал, Сарысу және Шу аудандары инвестиция тарту бойынша жұмыстарда әлсіздік танытқан.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен қатаң талап қойып, барлық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жағдайды жақсартуға және жоғалған уақыттың орнын толтыруға болатынын атап өтіп, бұл мәселелер тоғыз айдың қорытындысы бойынша қайта қаралатынын жеткізді.

Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінің егістік алқабы 715,0 мың гектарды құраса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,9 мың гектарға артық. 2 мың гектардан астам жайылымдық жер егістік алқапқа айналды. Сондай-ақ, жыл сайын жеке шаруа қожалықтарынан тұрақты табыс алатын ауыл тұрғындарының саны да артып келеді. Жыл басынан бері 36,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 30 мың гектар алқапта ресурстарды үнемдеу технологиясы қолданылуда.

Баяндама соңында Берік Нығмашев кейбір аудандар ауылшаруашылық дақылдарын себу жоспарын толығымен орындамағанын тілге тиек етті. Айталық, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Шу аудандарында майлы дақылдарды себу жоспары, Қордай, Талас, Шу аудандарында - қант қызылшасы, Тараз және Жуалы ауданында – картоп отырғызу межесіне қол жеткізілмеген.

«Жуалы ауданында картоп басым бағыттағы дақылдар қатарына енеді. Аудан әкімі мен ауыл әкімдерінің жағдайды бақылаудан қалай шығарып алғандығы түсініксіз. Біздің құнарлы жеріміз өз қажеттіліктерімізді толық өтеуге мүмкіндік береді. Тек әкімдер бұл мәселелермен байыпты түрде айналыспай отыр. Барлығы өз бетінше жұмыс істеуге үйренген», - дейді Бердібек Сапарбаев.

Ол жаңа ауылшаруашылық технологияларын енгізу, ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға негізделген пилоттық жобаның мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды.

Алқа жұмысын қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев барлық мәселелерді қысқа мерзімде шешу керектігін қадап айтты.

«Мемлекет басшысы жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды. Жергілікті жерлерде қажетті барлық шаралар қабылдануы тиіс. Бірінші жартыжылдықта облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң нәтиже көрсетті десек, өсім негізгі көрсеткіштермен қамтамасыз етілді. Бұл қарқынды бәсеңдетуге болмайды. Біздің ортақ міндетіміз – жылдың аяғына дейін экономиканы қалпына келтіру, тұрақтылықты сақтау және барлық жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау», - деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.


Автор Қажы Мұрат
Басты сөздер: Жамбыл облысы, Экономика,
Жоғары қарай