Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында арнаулы жиынға 80-ге жуық әскери міндетті шақыртылды

2020 жылдың 17 сәуір 2020 09:29

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақырту басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қарулы Күштердің Бас штабымен келісілген қаулысы негізінде төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін өңірдегі әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақырту басталды. Нәтижесінде алғашқы кезеңде өңіріміздің 78 азаматы игі іске атсалыспақ.

Осыған орай облыстық Қорғаныс департаментінде арнайы шара өтті. Онда облыс әкімінің көмекшісі, полковник Ермек Абдуллаев пен облыстық генералдар кеңесінің төрағасы, запастағы генерал-майор Әбдіғаппар Қазиев жауынгерлер артылған міндетті абыроймен алып шығатындығына сенім білдірді.

Шақыртылғандардың қатарында офицерлер және әскери борышын өтеген өзге де азаматтар бар. Қорғаныс бригадасының командирі, подполковник Әлжан Хамзин 78 әскери міндеттінің 24-і – Тараз қаласынан екендігін, ал Сарысудан — 20, Жуалыдан — 14, Қордай ауданынан запастағы 20 жауынгер жиынға шақырту алғанын жеткізді.

Жиынға 40 жасқа дейінгі азаматтарды шақыру көзделсе де, аумақтық қорғаныс бригадасының қатарына барынша жас сарбаздар іріктеліп алынған. Олардың әскери мамандығы да ескерілген. Мәселен, сапқа алынғандардың дені атқыштар болса, 7-еуі денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Тағы осынша жауынгер азаматтық борышын химиялық және биологиялық қорғау әскерлері бөлімшелерінде өтегендер.

«Әскерде болғанымда радиациялық, химия-биологиялық взводта қызмет етіп, химик-дегазатор болдым. Сол жерде 2 жыл тәжірибе жинағаным бар. Осыны ескере отырып, әскери комиссариатқа өз еркіммен келдім», – дейді әскери міндеттінің бірі тараздық Жасұлан Әбдіжанов.

Жиынға шақыртылғандар өз міндеттерін 1 ай бойы атқарады. Күнделікті сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеп, үйлеріне қайтады. Таңғы, түскі және кешкі ас мемлекет есебінен қарастырылған. Бұдан бөлек, олардың жұмыс орны сақталып, жалақысы төлене бермек. Ал жұмыссыз болса, Үкімет оларға ең төменгі жалақы мөлшерінде еңбекақы төлейді. Жауынгерлер енді облыс аумағын дезинфекциялау, блокпосттарды нығайту және патрульдік қызметті күшейтуге жұмылдырылады.














Жоғары қарай