Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыстан қаза тапқандарға наградалар табысталды

2021 жылдың 30 тамыз 2021 19:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында отпен арпалысып қаза тапқан өрт сөндірушілердің туыстарына наградалар табыстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметі Тараз қаласы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өтті.

Шараға қатысушылар жарылыс кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын.




Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов Қорғаныс министрлігінің № 28349 әскери бөлімі аумағында оқ-дәрілер жарылысы салдарынан болған қайғлы оқиғада өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Ол өзінің кәсіби, сауатты іс-әрекеті мен жеке қайсарлығының арқасында оқиға орнына жақын орналасқан 3 елді мекеннің 710 тұрғынын Тараз қаласына эвакуациялады.




Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары) Микропуло Александр Николаевич І дәрежелі «Айбын» орденімен, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Темірболатов Арнұр Серікұлы, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

«Юрий Ильин Жамбыл облысында болған қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан батырлардың туған-туыстарына көңіл айтты»,-делінген ҚРТЖМ баспасөз қызметі тартқан ақпаратта.














Жоғары қарай