Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Жамбыл облысында екі ауылға таза ауызсу жетті

2019 жылдың 22 қыркүйек 2019 14:47

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы екі ауылға таза ауызсу жетті. Шалғайдағы қос елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі бұрын-соңды болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыстанды мен Қызылдиқан ауылдарының тұрғындары бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан немесе бұлақ көздерінен тасып ішкен еді. Енді бұл қиыншылықтар артта қалып, тұрғындар үйлеріне таза суды тартуда.

Қызылдихан ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құны 2 миллион теңгені құрайды, 5 111 метрлік су құбыры бойында бұрғыланатын 3 ұңғыма орнатылған. Бас мердігер –«IMPULSE-LTD» ЖШС. Құрылыс барысында ұңғыманы бұрғылау, электр желісін тарту, магистральді су құбырын тарту жүргізілген. Сонымен қатар су жинау ғимаратының құрылысы жүруде. Ал, Арыстанды ауылын ауызсумен қамтудың жобалық құны 242 миллион 984 мың теңгені құраған. Аталмыш қаражатқа 5 663 метр құбыр тарту жұмыстарын мердігер «Интеллект Азия» ЖШС жүргізген. Құрылыс компаниясы құбырды тарту жұмыстарын аяқтап, резервуарды орналастыру, су жинау ғимаратының темір-бетон қоршауын орналастыру, электр желісін тарту, трансформатор орнату жұмыстарын атқарды.




«Ауданда барлығы 26 елді мекен бар десек, оның он бесі орталықтандырылған таза ауызсу тұтынып отыр. Тағы екі елді мекен қосылуда. Арғы жағында төрт елді мекеннің екеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Екеуіне су асты қорын барлау, зерделеу жұмыстары анықталған. Қалған бес елді мекен бізде елу адамнан кем, әлеуметтік жағынан тиімсіз болып есептеледі», - дейді сарысу аудандық ТKШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркін Алтешов.

Жалпы, Жамбыл облысында осыған дейін орталықтандырылған ауызсумен қамтылған 199 елді мекенде 130 мың үйде су құбыры бола тұра, олар суға қосылмағаны анықталған. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысымен 34 мың адам құбырға қосылды. Жыл соңына дейін тағы да 30 мың адам су жүйесіне қол жеткізетін болады. Бұл да коммуналдық мекемемен атқарылып жатқан жұмыстың есебінен. Бұған қоса, бюджет бойынша 18 елді мекенге су құбырлары жүргізілуде, оның 10 жобасы іске қосылмақ. Нәтижесінде қамту үлесі 56 пайызға жетеді.


Жоғары қарай