Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында мұқтаж екі отбасыға ауылдастары асарлатып үй салып берді

2020 жылдың 5 желтоқсан 2020 12:52

ТАРАЗ.ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданында мұқтаж екі отбасыға ауылдастары асарлатып үй салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста жүзеге асып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің қатарына тағы да екі үй қосылды. Атап айтсақ, Байзақ ауданы Қарасу ауылындағы көпбалалы отбасы Қойшыбаевтар жанұясы қоныс тойың тойлады. Оған ауылдастары аталған жоба аясында асарлатып үй салып берді.

Байзақ ауданы бойынша аталмыш жоба арқылы пайдалануға ұсынылған оныншы баспананың кілтін тапсыру салтанатына аудан әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы келіп, игілікті іске атсалысқандарға алғысын айтып, қоныс той иелерін құттықтады.

Қарасу ауылындағы Абдрахманов көшесі №32 үйдің тұрғыны, көпбалалы, аз қамтылған отбасы Қойшыбаевтардың қуанышында шек жоқ. Төрт бөлмелі, кең әрі жайлы үй заманауи үлгіде салынған. Ол үшін бірқатар жеке кәсіпкер мен шаруа қожалық иелері қаржылай қолдау білдірсе, көршілері қол көмегін тигізген. Тіпті, қорасына қой әкеп, қайырымдылық қылғандар да жоқ емес.











Шара соңында жоба аясында тұрғын үй құрылысын салуға белсенді атсалысқан бірқатар ауыл тұрғындары аудан әкімінің, аудандық мәслихат хатшысының және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының, Суханбаев ауылдық округі әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, бұл күні ауданның Көктал ауылында көпбалалы Мадатовтар отбасы да жоба арқылы үйлі болды. Талай жыл пәтерден-пәтерге көшіп, баспана тауқыметін көп тартқан отбасы мүшелері игі іске атсалысқан демеушілер мен ауылдастарына дән риза.

Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жұмабек Рәпілбеков пен ауыл қариясы Досмахан Оразбаев ата-бабадан қалған дәстүрді қайта жандандырған облыс пен аудан басшылығына, игі іске қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірсе, қуаныш иесі Құралбай Мадатов тұрғын үйдің құрылысына демеушілік жасап, қолдау көрсеткен ауылдағы ағайынға, жеке кәсіпкерлер мен еріктілерге шынайы ризашылығын жеткізді.





«2012 жылы Өзбекстаннан ата қонысқа көшіп келдік. Құралбай аға 2018 жылға дейін Шымкент қаласы маңында, содан бертін келе Тараз қаласына, кейіннен Көктал ауылына қоныс аудардық. Баспана тауқыметін неше жылдар бойы тарттық. Жұбайым екеуміз төрт баламен пәтерден пәтерге ауысып өмір сүріп келдік. Соңғы бір жылдың ішінде үш мәрте пәтер ауыстырдық. Ал енді өз үйіміз болады. Біз үшін бұл тамаша тарту»,- дейді отағасы Құралбай Мадатов.




Жоғары қарай