Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жастар тәрбиесінде пайдалану ұсынылды

2022 жылдың 19 қаңтар 2022 00:24

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жастар – еліміздің ертеңі. Мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы үшін бүгінгі өскелең ұрпақтың тәрбиелі әрі білімді болып қалыптасуы шарт. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев зиялы қауым, дін өкілдері, спортшылар және жастармен кездесуінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы орын алған жаппай тәртіпсіздіктің салдары ешкімге оңай тимегенін, бүлікке қатысқандардың басым бөлігі жастар екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір елімізде, өңірімізде қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қолға алынып, жағдай тұрақталды. Мен осы ретте аймақтағы ахуалды қалыпқа келтіру жолында жұмыла жұмыс жасап жатқан құқық қорғау, күштік құрылымдарға үлкен алғысымды айтқым келеді.

Сондай-ақ, тәртіпсіздіктер кезінде алдыңғы қатардан табылып, елге басу айтып, тәртіпке шақыруға атсалысқан зиялы қауым, дін өкілдеріне, белсенді жастар мен спортшыларға ризашылығымды жеткізгім келеді.

Арандатушылар, қылмыскерлер біздің жастарды пайдаланып кеткені өкінішті. Алдағы уақытта мұндайға жол бермес үшін жастар тәрбиесімен жүйелі айналысу керек.




Әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың табысын арттыру бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын жүзеге асыру үшін өңірде кешенді жоспар әзірленуде», - деді облыс әкімі.

Кездесуде сөз алған өзге де қатысушылар өздерінің орамды ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков зиялы қауымның жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

«Шынын айту керек, қазіргі зиялы қауымның жастар тәрбиесіндегі жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр деп айта алмаймыз. Жастар оларды тыңдауға құлықсыз. Күні кешегі оқиғалар оған көзімізді жеткізе түсті. Бізге беделді зиялы қауым, ардагерлердің өкілдерінен тұратын арнайы топ жасақтау керек. Бұрыңғы ата-бабаларымыз айтқандай, «Аузының дуасы бар» тұлғалар жастармен жиі кездесіп, оларға ақыл-өсиеттерімен бөлісіп, елдегі бірлік пен тұрақтылықтың қадірі туралы көбірек насихат жүргізуі тиіс. Ол кездесулерде жастардың барынша ауқымды бөлігін қамтуға күш салу керек.

Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бос ұран ретінде ғана емес, жастар тәрбиесінде де ұтымды пайдалану қажетпіз. Сонымен қатар, ата-аналардың өз балаларына деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға назар аударған абзал», - деді М.Сарыбеков.

Облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Күлекеев, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушы Саттар Бейсембаев та өз сөзінде аға буын мен жастар арасында өзара байланысқа, билік пен халық арасындағы нәтижелі диалогты жандандырудың маңыздылығына тоқталды.

Олимпиада жүлдегері, белгілі спортшы Ақжүрек Таңатаров жастарды көбірек спортқа тартып, баулу қажет деп санайды.




«Спортқа берілген жастар отаншыл, патриот болып келеді. Олар Мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзін дамытып, байрақты бәсекелерде еліміздің атын танытып, көк Туымызды биіктен желбіретуді көздейді. Мұндай мақсаты айқын жастар біреудің айтағына, арандатуына ерімейді, үлкендерге құрметпен қарайды», - деді А. Таңатаров.

Ал облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек мектепте, колледждердегі тәрбие секторына жауап беретін орынбасар, псиологтардың мүмкіндіктері мен әлеуетіне талдау жасап, реформалау жайын қарастыру қажеттігін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі барлық ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынын, олар бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«Бізге қоғамдағы тұрақтылық пен келісім бәрінен маңызды. Берекеміздің негізі саналатын бірлігімізді сақтауымыз керек»,-деді түйіндеді Б. Сапарбаев.








Жоғары қарай