Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында жоғалған сүңгуірдің денесі 35 күннен кейін табылды

2021 жылдың 10 мамыр 2021 17:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Шу ауданында сүңгуір кәсіби міндетін орындау кезінде қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, бір ай бұрын жоғалған сүңгуірдің денесі бүгін табылып отыр.

«2021 жылдың 3 сәуірінде Шу ауданының Тасөткел су қоймасында 1997 жылы туған азаматшаны іздестіру кезінде қатты желден қайық аударылып, салдарынан Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Жұмағали Жеңісбекұлы Әбдірахманов іс-түссіз кеткен болатын. Іздестіру-құтқару жұмыстары 35 күн бойы жүргізілді», - дейді ведомствоның ресми өкілі.

Бүгін сағат 12.20-да Шу ауданының Тасөткел ауылынан 3 шақырым жерде, Тасөткел су қоймасында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы Жұмағали Әбдірахмановтың денесін тапты.

Ведомствоның мәліметінше, іздестіру жұмыстары басталғаннан бері барлығы 130-дан астам адам, кинологтар, 16 техника, 2 тікұшақ, 9 жүзу құралы жұмылдырылған.

Жұмағали Жеңісбекұлы Әбдірахманов азаматтық қорғаныс органдарында 2001 жылдың наурыз айынан бері қызмет атқарып келген. Үйленген, артында екі баласы қалды.

Жоғары қарай