Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысындағы Қаракемер ауылына газ келді

2020 жылдың 25 қараша 2020 12:04

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қаракемер ауылы тұрғындарының арманы орындалды. Ауылдағы 300 үйге түгелдей газ қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 жыл бойы түрлі деңгейде көтерілген көгілдір отын мәселесі осы жылы шешімін тауып, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр.

Осы мақсатқа республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. «Газ-Сервис» компаниясы 182 млн 270 мың теңгеге 13,1 шақырым жерасты құбырын төсеп, құрылыс жұмысын жүргізген. Мамыр айында басталған жұмыс күні кеше аяқталды. Ауыл тұрғындары толығымен газға қосылды.

Қазір «Жамбыл-Жылу» компаниясы көше бойында орналасқан үйлергі жерасты құбырына қосып, газ тартып жатыр. Құны – 100 мың теңге. Серіктестік директоры Дастан Ырысәлиевтің айтуынша, басқа өңірлерде бұл қызмет құны 300 мыңнан кем емес екен.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік каракемерліктерді құттықтады.

Ауыл қариясы Ахатай Балқыбеков көпшілікке ақ батасын берді. Аудан басшыларына, ауылға газ кіруіне атсалысқан, ықпал еткен, қолдау білдірген азаматтарға, аянбай еңбек еткен құрылысшыларға ауылдастарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.


Жоғары қарай