Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жамбылда 33 сотталушы радикалды көзқарасынан айныған

2020 жылдың 4 шілде 2020 23:21

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында радикалды идеология мен радикализацияға қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмысының нәтижесінде 33 сотталушы радикалды көзқарасынан қайтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстағы экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері жөнінде мәжіліс өтті. Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров «2018-2022 жылдарға арналған экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл» бағдарламасының мақсатты индикаторлары мен тармақтарының орындалуы туралы хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, діни топтар мен қауымдастықтардың радикалдық идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және насихат жұмысы 80 пайызға орындалған. Деструктивті топтардың 11 көшбасшысымен әңгіме өткізіліп, үш адам қоғамға бейімделген.

Сондай-ақ, сотталғандардың радикалды идеология мен радикализацияға қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қамту 100 пайызды құраған. 2018-2019 жылдары да бұл көрсеткіш осы деңгейде болған десек, нәтижесінде 33 сотталушы радикалды көзқарасынан қайтқан.

«Бүгінде карантин шараларына байланысты түзету мекемелерінде түсіндіру жұмыстары онлайн режимде жүргізілуде. Есепті кезеңде 21 онлайн сабақ және екі жеке әңгіме өтті. Карантин режимі жеңілдегеннен кейін біз бұл жұмыстарды жалғастырамыз»,-деді басқарма басшысы.

Осы тұрғыда ақпараттық-түсіндіру топтары теолог-мамандармен 80 пайызға қамтылғаны айтылды. Топ құрамында 26 дінтанушы, бір философ және бір филолог жұмыс істеуде.


Жоғары қарай