Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданды

2020 жылдың 27 қараша 2020 04:00

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында алдағы бес жылға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға негізделген «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында ғана облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданған бұл бағдарламада 9 индикатор қарастырылған. «Әулиеата жастары» деген атауға ие болған бағдарлама келер жылдың алғашқы күнінен бастап жүзеге асырыла бастайды.

«Жастар – қай қоғамның болмасын қозғаушы күші. Жастарды қолдау, қамқорлық таныту жергілікті жерде де жүйелі жүргізілгені жөн. Дәл осы мақсатта облыста 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Жалпы бағдарламада жастарды қолдау, жұмыспен, баспанамен қамту тетіктері, үздіктерді марапаттау, қажетті құқықтық кеңес ұсыну, ақпараттық қолдау білдіру сынды шаралардың барлығы қамтылған. Мәселен бағдарламаның бір тармағы өз саласында толайым табыстарымен көзге түскен жастарды ынталандыру шараларына арналған. Бұл бағытта біз «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастарға арналған сыйақысын жыл сайын тағайындайтын боламыз. Бағдарламада бұл сыйлықты алдағы уақытта Тараз қаласы мен аудан әкімдері де тағайындау керектігі айтылған»,- дейді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікол Берікқожа.

Сонымен қатар, бағдарлама аясына «Әулиеата жастары» деп аталатын интернет-платформа құрылады. Бұл платформаға «Әулиеата үміті» сыйлығының иегерлері туралы мәліметтер де енгізілетін болады. Ондағы мәліметтер арқылы кез келген желі қолданушысы үздік жамбылдық жастар жайында біліп отырмақ.

Басқарма басшысының айтуынша, жастарды баспанамен қамту шаралары да бұл бағдарламаның ең басты индикаторларының біріне жатады. Бұл индикаторлық көрсеткішке қол жеткізу үшін 2022-2023 жылдары жас отбасыларға арналған тұрғын үйлердің қаңқасын ғана тұрғызу бастамасы жүзеге асырыла бастайды деп көзделуде. Сол арқылы пәтердің өзіндік құнын арзандатуға қол жеткізілмек.

«Бұл тұрғын үйлерден пәтер алған жастар оның ішкі әрлеу жұмыстарын өз мүмкіндігіне қарай жүргізе береді. Тиісті мемлекеттік мекемелерге, коммерциялық ұйымдарға осы жобаны іске асыруда әріптестік орнатуға ұсыныс берілді»,-дейді С.Берікқожа.


Автор Сая Сембай
Басты сөздер: Жамбыл облысы, Жастар,
Жоғары қарай