Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда карантин талаптары жеңілдетілді

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 10:28

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында карантиндік шаралар жеңілдетілді. Демалыс күндері Ashyq жобасына қатысатын барлық әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысына рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оларға келушілер мен қызметкерлердің «жасыл мәртебесі» болған жағдайда сағат 00.00-ге дейін, Ashyq жобасы көшбасшыларының жобасына қатысатындар — сағат 02.00-ге дейін қызмет көрсететін болды.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Жарылқасынұлы айтты. Оның айтуынша, жұмыс күндері барлық бизнес объектілерінің жұмыс істеуіне рұқсат.

Спикер «жасыл мәртебе» болуға қойылатын талап облысаралық және облысішілік тұрақты тасымалға, қонақ үйлерге, білім беру объектілеріне, ЖОО, колледждерге, интернаттарға, білім беру ұйымдарының жатақханаларына қолданылмайтындығын жеткізді.

«Мейрамхана, дәмхана және кофеханалар типіндегі қоғамдық тамақтану объектілері (үйжайда) 60-тан аспайтын орын, толымдылығы 50 пайызға дейін, еске алу шараларын өткізу үшін 50 адамнан аспайтын орын, толымдылығы 30 пайызға дейін, бірақ Ashyq жобасына қатысатын сағат 00.00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары — сағат 02.00-ге дейін жұмыс істейді», - дейді Бағлан Қыдырбаев.

Сондай-ақ, азық-түлік, азық-түлік емес базарларға, сауда-ойын-сауық орталығы, сауда үйлері, сауда желісі объектілеріне аптаның барлық күндерінде жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Діни бірлестіктердің объектілеріне 30 пайыздан асырмай толтырылған, бір адамға кемінде 4 шаршы метр алаң қамтамасыз етілген жағдайда ұжымдық ғибадат етуге рұқсат берілді.

Сауналар, моншалар, СПА-орталықтары, бассейндер, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру, фитнес, йога-орталықтары аптаның барлық күндері жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, 15 қыркүйектен бастап Тараз қаласындағы бірқатар автобус бағыты сағат 22:00-ге дейін жүретін болады. Қала әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, тасымалдаушы мекемелермен осындай келісімге келді.

Енді № 55, 46, 28, 40, 32, 12, 29, 38, 16, 27 автобус бағыттары ұзартылған жұмыс кестесімен, яғни сағат 22.00-ге дейін қатынайды. Қазіргі таңда қаладағы өзге де автобус бағыттарының қозғалыс кестелері қайта қаралып, алдағы уақытта қосымша автобустар қосылады.


Жоғары қарай