Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда сыйымдылығы елу миллион текше метрге жуық 3 су қоймасы салынады

2019 жылдың 26 қараша 2019 20:53

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 2021 жылға дейін сыйымдылығы 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын салу жоспарлануда,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес Жамбыл облысы аумағындағы 17,1 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының» - 2 фазасы» республикалық бағдарламасы бойынша 15,2 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев айтып берді.

«Суармалы жер тұрақты су көзін қажет етеді. Осыған орай су қоймаларының жағдайы да ретке келтірілуде. Мәселен, «Қарақоңыз», «Тасөткел», «Ынталы» су қоймаларына қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, 44,3 мың гектар жерді ылғалдандыруға болады. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында 2021 жылға дейін көлемі 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын салу көзделуде. Атап айтсақ, Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты» және Қалғұтты өзенінде «Қалғұтты» су қоймасы, Байзақ ауданындағы Талас өзенінде «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл су қоймаларының құрылысы аяқталғанда пайдаланудағы 34,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі артады»,-деді Б.Нығмашев.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны базасында облыстық механикалық жасақ құрылған. Оның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен 423,4 миллион теңге бөлініп, барлығы он жеті бірлік мелиоративтік-құрылыс техникалары сатып алыныпты. Жалпы, механикалық жасақтың күшімен 2018-2021 жылдары 388 километр су шаруашылығы нысандарын жөндеп, 20 мың гектардан астам суармалы алқаптарды қалпына келтіру көзделген. Өткен жылы механикалық жасақ үш су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын және жеті каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, облыс көлемінде жалпы ұзындығы 26,8 километр канал тазаланып, 1404 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді.

«Биыл кәсіпорын ұзындығы 65 шақырымды құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4843 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді және екі жылда жалпы 6247 гектар алқап толық сумен қамтамасыз етілді. Бұған қоса, қосымша суармалы алқапқа бос жерлерден 4,7 мың гектар суармалы алқап қосылмақ. Нәтижесінде 2019-2021 жылдар аралығында барлығы 25,8 мың гектар суармалы жерлер айналымға қосылып, 86,2 мың гектар толық сумен қамтамасыз етіледі. Осылайша, жалпы облыс бойынша суармалы алқап 210,6 мың гектарға жеткізіледі»,-дейді басқарма басшысы.

Автор Қажы Мұрат
Басты сөздер: Жамбыл облысы, Құрылыс,
Жоғары қарай