Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда «Үлгілі ауыл» атанған Кенен елдімекені 5 млн теңге жеңіп алды

2020 жылдың 5 қараша 2020 14:25

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында алғаш рет ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы мәресіне жетті. Нәтижесінде Қордай ауданындағы Кенен ауылы үздік шығып, бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтыв бастамасымен «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған әр ауданнан үлгіліге үмітті ауылдары қатысқан болатын.

Ауыл экономикасының өсуі, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, ауыл жұртының бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқау қорытындысы бойынша Қордай ауданындағы Кенен ауылы үздік шығып, бірінші орынды иеленді.

Үздікке үміткерлерді облыстағы барлық ауданда арнайы құрылған жұмысшы топ осыдан біраз уақыт бұрын аралап, өзара екшелеген еді.

Байқау аясында арнайы құрылған жұмысшы топтың қорытынды хаттамасына сәйкес жеңімпазды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Жылқыбаев атап өтіп, бірінші орынды иеленген ауылды және өзге де жүлдегер атанған округтерді ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай марапаттауды ұйымдастырушыларға тапсырды.

Айта кетерлігі, бірінші орынның жүлде қоры - 5 миллион теңге.

Кененде ауыл тұрғындарына қажеттінің бәрі бар. Салынғанына көп болмаған су жаңа екі қабатты мектеп, көздің жауын алатын ауылдық мәдениет үйі. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іске қосылған балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы.

Спорт алаңдары мен жаңа салынған ауылдық амбулатория және ақын атаның мұражайы тағы бар.

Көп ұзамай кенендіктер «көгілдір отынның» қызығын көрмек. Бүгінде газдың ауылішілік желілері тартылып тасталған. Сондай-ақ, жаңа ауыз су жүйесі жүргізілуде.

Сал-серілердің соңғы тұяғы саналатын Кенен Әзірбаевтың мұражайына еліміздің әр аймағынан саяхаттап келушілер көп.

Ауылда су жаңа дәрігерлік амбулатория, «Еркем-ай» мен «Алтын бесік» атты балабақша жұмыс жасайды.


Жоғары қарай