Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Жан басына қаржыландыру: Мектептерде ата-анадан ақша жинау азайды ма

2019 жылдың 24 шілде 2019 18:31

НҰР-СҰЛТАН ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин жан басына қаржыландыру жүйесі елорда мектептеріне бөлінген қаржының тиімді жұмсалуына қалай әсер етіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жан басына қаржыландыру жүйесі елорданың 80 мектебіне енгізілген болатын. Қалалық білім беру басқармасының басшысы БАҚ өкілдерімен өткен брифигте соның нәтижелерімен бөлісті.

«Мамандандырылған және дарынды балаларға арналған 5 білім ошағынан басқа мектептердің бәріне бұл жүйе енгізілген. Жүйеге көшкен мектептерде бірден жағымды ахуал байқалды. Ең бастысы, мектеп басшылығы қаржыны нақты жоспарлауға мүмкіндік алды. Өйткені, жоғарыдан қанша бөлер екен деп күтіп отырмай, оқушы санына қарай алдын ала есептей алады. Материалдық-техникалық жабдықтау мәселесінде алға жылжу бар. Мектептерге 2000-нан астам компьютер сатып алынды. Тек компьютерлік сыныптар ғана емес, мұғалімдер де компьютер тапшылығынан құтылып жатыр. Бұл саладағы өзекті мәселенің бірі болатын. Бұдан бөлек 36 зертхана жүйесі алынды. Барлық мектептер 100 пайыз робот техникасымен жабдықталды. 300-ден астам интерактивті тақта орнатылды. Осының бәрі жан басына қаржыландырудың арқасында келген игіліктер», - дейді ол.

Басқарма басшысы алдағы уақытта мектеп бюджетін жоспарлауға қамқоршылық кеңестер арқылы ата-аналар да тартылатынын айтады.

«Ата-аналарда бюджетті бөлуге қатысатын болады. Жаңа оқу жылында 15 мектеп басқарудың жаңа қалыбына көшеді. Бұрын олар мемлекеттік мекеме болса, енді шаруашылық жүргізуге құқылы кәсіпорынға айналады. Осының арқасында мектеп штаттық жүктеме мен еңбекақы көлемін өздері белгілейтін болады. Одан кейін, бұл мектептер жылдық бюджетті игеру міндетінен босатылады. Яғни, биыл бюджет толық игерілмей қалса, мектеп қорында қала береді. Бұрынғыдай игерілмеген ақшаны қайтару деген мәселе болмайды. Үнемделген қаржыны жылдар бойы жинақтап, күрделі жөндеу жүргізе алады», - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, соған қарамастан, ата-аналардан ақша жинау бойынша шағымдар толастамаған.

«Барлық шағымдар бойынша комиссия құрып тексердік. Мұндай жағдайдың бәрінде ақшаны ата-аналар комитеті жинаған болып шығады. Мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісі бұл жайттан хабарымыз жоқ дейді. Барлық ата-ана мектеп директорының тиісті бұйрығымен таныстым деп қол қойса да, осындай жағдайлар орын алған. Шартты түрде алсақ, ақша жинау түрлі шаралар мен сыйлыққа деп жиналады. Ата-аналар бір нәрсені ұмытпауы керек. Мұғалімге деп жинаған сыйлық оның абыройына нұқсан келтіретін болады», - деді Әнуар Жанғозин.

Жоғары қарай