Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жаңа Су кодексін халықпен бірге талқылап қана әзірлеуіміз керек – Мәжіліс депутаты

2022 жылдың 8 ақпан 2022 19:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, климаттың өзгеруін халықаралық деңгейде зерттеп жүрген жас ғалым Зүлфия Сүлейменова жаңа Су кодексінің болашақ жобасы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, Президенттің жаңа су кодексін әзірлеу туралы ұсынысы орынды әрі уақтылы деп ойлаймын. Өйткені, Мемлекет басшысы айтқандай, қазір қолданып жүрген кодекс 2003 жылы қабылданған болатын. Оған дейін 1993 жылғы Су кодексі болды. Сонда 2003 жылы қабылданған кодексті қолданып келе жатқанымызға шамамен 20 болып отыр. Әрине, осы аралықта біздің су шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдай қатты өзгерді. Сонымен қатар, климат та қатты өзгеріп, мұздықтар қарқынды түрде еріп жатыр. Ал мұздықтар – тұщы судың негізгі көздерінің бірі. Тұтас экожүйелер деградацияға түсіп жатыр. Сол себепті жаңа Су кодексі осы мәселелерді кешенді түрде қарастырып, шешуге бағытталуы керек», - дейді маман.

Депутаттың айтуынша, Су кодексіндегі нормаларды қайта бір сүзгіден өткізу керек.

«2003 жылы қабылданған кодекстің ішінде жұмыс істеген нормалар да бар. Идеясы жақсы, бірақ жұмыс істемеген нормалар да болды. Тіпті мүлдем өзекті емес нормалар да кездеседі. Сол жағынан қарағанда, менің ойымша, тұтас талдау жасалу керек. Идеясы өзекті, бірақ жұмыс істемей тұрған нормаларды қалай өзгерту керектігін зерделеу маңызды», - дейді климат сарапшысы.

Cондай-ақ, ол қолданыстағы Су кодексіндегі жерасты суы мен жерүсті суын бөліп қарайтын қағидат өзгеруі қажет деген пайымын айтты.

«2003 жылғы Су кодексінің ішінде бір мәселе бар. Жерасты және жерүсті сулары бір министрліктің құрамында болғанымен, екі түрлі құрылымдық бөлімшеге қарайды. Мысалы, жерасты сулары Геология комитетіне қарайды. Соның әсерінен жерасты суларының мәселелері жер қойнауын пайдалану тұрғысынан реттеледі. Менің ойымша,бұл дұрыс емес. Негізі біз оны су ресурстары шеңберінде қарастыруымыз керек. Жердің астындағы су мен үстіндегі су бір-бірімен тығыз байланысты. Соған қарамастан заң екі жаққа бөліп тастаған», -деді Зүлфия Сүлейменова.

Су ресурстарын мемлекет тарапынан басқаруда да бірізділік жоқ көрінеді.

«Менің ойымша, үшінші маңызды – су ресурстарын басқару өте бытыраңқы жүйенің ішінде тұр. Мен ол проблеманы депутаттық сауал ретінде де көтердім. Бізде су ресурстарының әр түрлі мәселелерімен 8 министрлік айналысады. Соның ішінде 172 құрылымдық бөлімше жұмыс істейді. Егер біз суды шынымен стратегиялық маңызды ресурс ретінде қарастыратын болсақ, осының бәрін бір арнаға тоғысып жұмыс істейтін құқықтық база қалыптастыру маңызды. Олардың жұмыстарын үйлестіру жағынан нақты жұмыс істеп жатқан механизм жоқ. Сол жағынан қарағанда жаңа Су кодексі ең алдымен біздегі шектеулі су ресурстарын қалай басқару керектігін айқындауы керек деп ойлаймын.

Климаттың өзгеруі жағдайында су көздері азайып жатыр. Жауын-шашындардың, қардың түсу көлемі де құбылып тұр. Оның бәрі судың молдығына әсер етеді», - дейді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, су ресурстарын, барлық су обьектілерін кешенді түрде интеграцияланған түрде, олардың өзара байланыстылығын түсіну арқылы іске асыру жағын ойластыру керек. Яғни, су мәселесіне тұтас экожүйе ретінде қарап, шешімдер қабылдау маңызды.

«Төртіншіден, Су кодексі үнемді пайдалануды ынталандыратын құжат болуы керек. Оны Мемлекет басшысының өзі де айтып кетті. Қазір біз тұтынып отырған судың 60 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына, 30 пайыздан астамы индустрияға тиесілі. Осы тұрғдан қарағанда, өкінішке қарай, біз су ресурстарын тиімді пайдаланып отырған жоқпыз. Заңда суды үнемді пайдалануға жол ашатын тетіктер бар ма? Егер жоқ болса, осының бәрі жаңа кодекстің ішіне енуі керек.

Менің ойымша, Су кодексін жаңа редакцияда әзірлеу өте маңызды, өте күрделі жұмыс. Мұндай маңызды құжат бұқара халықты кеңінен тарту арқылы ғана, жан-жақты талқылау арқылы ғана жазылуы керек деп ойлаймын. Өйткені экономиканың кез келген саласында суды пайдаланамыз», -дейді сарапшы.

Мәжіліс өкілі жаңа кодексті әзірлеуге бір адамдай атсалысуға дайын екенін жеткізді.

«Бұл кодексті әзірлеуге қандай мамандарды тарту керектігіне келсек, әсіресе жас су мамандарын, сарапшыларын тарту керек. Қазіргі таңда гидротехника, гидроинженерия, гидрология, халықаралық су құқықтары сияқты мамандықтар бойынша шетелде білім алған жастар баршылық. Олар осы мәселелермен тыңғылықты айналысып жүр. Осы жас мамандарды жаңа Су кодексін әзірлеуге, талқылауға кеңінен тарту керек. Жаңадан қабылданатын Су кодексі алдағы 10-20 жылға су саласындағы барлық қарым-қатынастарды реттейтін құжат болғандықтан, қазіргі жас ұрпақ қолданатын болғандықтан, сол буынның өкілдері кеңінен тартылуы керек деп ойлаймын. Ұсыныс түсіп жатса өзім де білек сыбанып кірісуге дайынмын», -деді Зүлфия Сүлейменова.


Жоғары қарай