Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаңаарқа тұрғындары ауруханаларға 5 тонна қымызды тегін таратты

2020 жылдың 21 шілде 2020 19:42

ЖАҢААРҚА АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қарағанды облысының ауруханаларына 5 тоннадан астам қымыз жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл қазір ауырып қалғандар мен медициналық мекемелердің қызметкерлері үшін қолымызлан келетін ең аз көмек. Қымыз бен саумал дәрумендерге бай және пайдалы қасиеттерге ие. Олар емделушілерге де, дәрігерлерге де күш береді деп үміттенеміз», - дейді жаңаарқалық тұрғындар.

Өткен жұмада Ералиев ауылының тұрғындары Қарағандыға 1 тонна қымыз бен 200 кг құрт алып келді. Осыншама көлемде шипалы сусынды Ералиев тұрғындары бір күнде жинады! Бұл сүт өнімдері облыс орталығының төрт ауруханасына бөлінді.

Аталмыш игі істі ауыл тұрғыны Ерлан Түсіпов ұйымдастырды. Ал жеке кәсіпкер Қайрат Өмірбеков қымызды Қарағандыға тегін жеткізді.

«Қазақ қымызы ежелден мыңдаған ауруға шипа болған. Біз науқастарға ауруды жеңуге және вируспен күндіз және түнде күресіп жатқан дәрігерлерге күш бергіміз келеді» - деп Ералиев ауылының тұрғындары қарағандылықтарға тілектерін білдірді.








Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының тұрғындары құрбандық шалу рәсімін өткізді. Мұқтаждарға ет таратылып, аудан ауруханаларына ыстық тағамдар таратылды.

Жалпы бір апта аралығында Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қарағанды, Теміртау, Абай, Жезқазған, Сәтбаев, Нұра және Жаңаарқа аудандарының ауруханаларына 5 тоннадан астам қымыз, бір тоннаға жуық құрт, ірімшік, саумал жинап, жеткізді.

Жаңаарқалықтар коронавируспен күресетін адамдарға жақсылық жасауды әрі қарай да жалғастыруды жоспарлап отыр.





Еске салсақ, бұған дейін көпбалалы Мейрамгүл Мұқаева Алматы облысындағы Панфилов аудандық аурухананың провизорлық бөлімде ауырып жатқан науқастарға тегін саумал әкеліп жүргені туралы жазған болатынбыз.






Жоғары қарай