Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаңадан құрылған Сауран ауданында халық саны 100 мыңнан асады

2021 жылдың 17 наурыз 2021 01:01

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Сауран ауданының құрылуына байланысты салтанатты шара өтті. Жиында аудан шекарасы анықталып, алдағы жоспарлар жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа Сауран ауданының әкімшілік орталығы Шорнақ ауылы болады. Ауданның әкімшілік-аумақтық құрамына Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіреді.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылмақ.

Кейіннен мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалады. Ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітілмек. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды деп жоспарланған.

Айта кетейік, Түркістан облысы құрылғалы бұл ауыл әкімдіктері Кентау қаласының қарамағына өткен болатын.

Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев салтанатты шарада жергілікті тұрғындармен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға деп білемін», – деді облыс әкімі.

Ал, жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.

Облыс әкімі өз сөзінде жаңа ауданның даму жоспары жайлы бөлісті. Шорнақ ауылы аудан орталығы ретінде дамиды.

Жаңа ауданды құру арқылы аудан құрамына енетін елді мекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасын көтеруге жол ашылады.

Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдылық беріледі.

Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынбақ. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.

Облыс әкімі атап өткендей, алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ал әзірге бұл мемлекеттік органдар мен аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмысын жүргізеді.

Жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асады.




















Жоғары қарай