Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін Ведомствоаралық штаб құру қажет – ҚР Президенті

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 18:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін Ведомствоаралық штаб құру қажет. Бұл туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қазақстанды экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуда Маңғыстау өңірінің рөлі зор екенін атап өтті.

«30 жылда бұл өлкеге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 есеге, яғни 3,5 пайыздан 8 пайызға дейін артты. Облыс өңірлік жалпы өнім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы бестікке кіреді. Еліміздің тораптық көлік-логистика орталығы осында орналасқан. Ақтау және Құрық айлақтары – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Тәуелсіздік кезеңінде облыста 11,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 78 мектеп, 334 балабақша салынды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент аймақта жылдам шешуді қажет ететін бірқатар қордаланған мәселе бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыста еңбек даулары өршіп тұрғанын ерекше атап өтті.

«Жыл басынан бері өңірде осындай 150 дау туындады. Бәрі заң аясында шешілуге тиіс. Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін Ведомствоаралық штаб құру қажет. Оған мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» белсене қатысуы керек. Бұл штаб шұғыл шешім қабылдауға және халықпен тығыз қатынас орнатуы қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы облыста жұмыссыздық мәселесінің ушығып тұрғанына мән беріп, жергілікті жұрттың жұмыс таппай жүргенін, ал мердігерлердің басқа жақтан еңбек күшін тартатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік пен «Самұрық-Қазына» қорына, ең алдымен, өңірдің жергілікті тұрғындарын жұмыспен қамтуға баса мән беруді тапсырды.


Жоғары қарай