Жанармайы таусылып, жолда қалған жүргізушіге полицейлер көмектесті - Павлодар облысы

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Железин ауданында аязды күні жанармайы таусылып, жолда қалған жүргізушіге полиция қызметкерлері көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Қызмет көрсететін учаскеде патрульдеу кезінде Железин ауданының инспекторлары, полиция лейтенанты Данияр Ищанов пен полиция старшинасы Данияр Алимбаев Жаңа жұлдыз-Михайловка тас жолында жол жиегінде тұрған машинаны көріп, жағдайдың дұрыс еместігін біліп тоқтаған. Көліктің жүргізушісі - Железин ауданы Есқара ауылының тұрғынының айтуынша, ол Михайловка ауылына бағыт алған жолда жанармайы таусылған, - деді баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ ол жолдағы көліктердің тоқтамай, бір сағаттан артық уақыттай далада тұрып, аязда тоңып қалғанын жеткізген.
- Бір минутта кідірместен тәртіп сақшылары көлікті тіркеп алып, бағыт алған жеріне жеткізіп салған, - деді департаментте.
Ер адам полицейлерге өз алғысын білдіріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.