Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Жаңару» жалпыұлттық қозғалысы өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылықты көтереді

2021 жылдың 13 мамыр 2021 11:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы өңірлік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділікті» дамыту жөнінде онлайн дәрістер өткізеді.

Аталған іс-шара «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қоғамдастығының қатысуын кеңейту» аясында өтеді. Бұл дәрістердің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа азаматтық сектор өкілдерін тарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру.

Халықтың құқық сауаттылығын, нормативтік-құқықтық актілердің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру, халықты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының іске асырылу барысы туралы хабардар ету, нақты көмек көрсету. Сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін және «Adaldyq alany» жобалық кеңселерін тарта отырып, пікірталас және оқыту алаңдарын ұйымдастыру.

Сарапшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын кеңейту бойынша өз ұсыныстарын айтты. «ЖАҢАРУ» РҚБ Орталық аппаратының басшысы Мэлс Семғалиев осы тақырыптың өзекті мәселелерін алға тартты. Ол Парламент депутаттары және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысын күшейту маңызды екеніне назар аударды.

Дәрістерге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Adaldyq alany жобалық кеңсесінің басшысы-министрдің штаттан тыс кеңесшісі Тимур Жұмырбаев қатысты. Ол мемлекеттік органның сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы туралы сөз қозғады.

«Жобалық кеңсенің басты міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылықты арттыру, көрсетілетін қызметті алушыларға қолайлы орта жасау және мемлекеттік органның ашықтығы. Осы мақсатта біз бірлесіп жұмыс істеу үшін үкіметтік емес ұйымдар қатарынан сарапшыларды тартамыз. Қазір ведомство сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуде, оған азаматтық қоғам өкілдері де ат салысады. Жалпы, министрлік «Adaldyq alany» бағыты бойынша тиімді жұмыс жүргізуде», – деді министрдің кеңесшісі.

Белгілі болғанындай, грант «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асырылады. Дәрістер мен сараптамалық талқылаулар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында өткен.

Ұйымдастырушылар Қазақстанның барлық өңірін қамтуды көздеп отыр. Іс-шараларға үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Adaldyq alany кеңселерінің өкілдері белсенді қатыспақ.


Жоғары қарай