Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жандарбек Бекшин кинотеатрларды неге ашып жатқанын түсіндірді

2020 жылдың 20 қазан 2020 12:38

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен онлайн брифинг барысында Алматы бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин неліктен кинотеатрлардың жұмысына рұқсат берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазір кинотеатрлар мен сауда ойын сауық орталығының сенбі күндері ашылуына қатысты талқылау жүріп жатыр.

«Бұл тек жасыл аймақтағы өңірлерге ғана қатысты. Егер, ауру көрсеткіштері өсіп бара жатса, кинотеатрлардың ашылуы туралы мәселе қарастырылмайды. Кинотеатр басшылары ұжымдық рецеркуляция, бактерицидті шамдар орната бастады. Залға 30 пайыздан артық адам кіргізбеу, адамдарды қашықтан отырғызу сияқты ұсыныстар айтып жатыр. Ал сауда-ойын сауық орталықтарында көңіл көтеру орындары бұрынғыдай жабық болады. Бизнес өкілдері осы уақытқа дейін жай қарап отырған жоқ. Ұжымдық диагностиканың түрлі шараларын қабылдады. Қазір сауда ойын сауық орталығында келушілердің санын есептеуге мүмкіндік туды. Егер келушілер саны 30 пайыздан асып кетсе, орталық басшылығы бірден нысанды жабуы тиіс. Бизнес өкілдері орталықта рецеркуляция, ауаны зарарсыздандыру сияқты түрлі шараларды қолға алып жатыр. Бұл жерде негізгі мақсат басқа нысандарға жүктемені азайту. Екі күн қатарынан ауру көрсеткішінің шекті өсім деңгейінен асып жатқан жоқ. Егер одан асып кетсе, карантинді жеңілдету шаралары мүлде қарастырылмайды», - деді Бекшин.

Оның айтуынша, бұл мәселе бірден қабылданбайды.

«ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысынан соң бұл мәселе қоғамдық ұйымдар, бизнес, қала билігінің қатысуымен қалалық штабта қаралады. Ол нысандар жұмыс істеп тұр. Тек сенбі күндері кешкі 17:00 дейін жұмыс істеуі қарастырылады», - деді дәрігер.

Айта кету керек, Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақты десе де болады. Тәуліктік өсім көлемі 0,5 пайыз болып отыр. Өткен тәулікте қалада 12 адам вирус жұқтырғаны анықталды. Оның ішінде 10 адам жергілікті болса, 2 адам вирусты Египеттен жұқтырып келген.

Еске сала кетсек бұған дейін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, ел өңірлеріндегі шекарадан өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілетіні хабарланған болатын. Комиссия шешіміне сәйкес Қазақстан коронавирусқа қатысты ахуалы нашар елдерге әуе рейстерін қысқартады.
Жоғары қарай