Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жансая Мусина Ақтаудағы аламан айтыста бас жүлдені иеленді

2021 жылдың 27 мамыр 2021 23:15

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Екі күн бойы Маңғыстау даласын отты өлең-жырға бөлеген республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясының қолдауымен өткізілген сөз сайысына еліміздің әр өңірінен 18 ақын қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізсе, Светқали Нұржан, Ғалым Жайлыбай, Әділет Қабылов, Бауыржан Халиолла, Сұлтанбек Құдайберген бастаған ел ағалары қазылық етті.





Дүбірлі доданы тамашалауға келген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өнер сүйер қауымға тамаша айтыс кешін сыйлаған ақындарға алғысын айтты.

«Биыл еліміз үшін ерекше жыл - қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Отыз жылдық мерейтойды ұлттық өнер арқылы ұлықтап жатырмыз. Осынау мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлесін қосқан барша жанға алғыс айтамын. Бұл айтыстағы ең жас ақынымыз Алшын баламыздың да өнеріне тәнті болдық. Сөз шеберлігімен көрерменнің көзайымына бөленді. Алшын Маңғыстау облысындағы «Жыр жебе» ақындар мектебінің оқушысы. Бұл мектеп 6 жыл бұрын құрылған болатын. Басында Нұрлан Мұсаев негізін қалап, жұмысын бастаған мектепті бүгінде Фархад Мұсаев басқарып, жас айтыскерлерді баулып келеді. Әйгілі ақындарымыздың жолын жалғап келе жатқан жастарға еңбектеріңіз жана берсін дегім келеді», - деді С.Трұмов.









Қазылар алқасының шешімімен айтыстың екінші кезеңіне төрт жұп іріктелді. Алматылық Қазырет Бердіхан мен батысқазақстандық Жансая Мусина, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, маңғыстаулық Абай Жолмағанбетов пен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров, қарағандылық Төлеген Жаманов пен маңғыстаулық Арғынбек Қалбаевтар жұптасып айтысты.









Қазылар алқасының шешімімен топтан оза шапқан Батыс Қазақстан облысының ақын қызы Жансая Мусина бас жүлде иегері атанып, оған 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Бірінші орынға Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының жас ақыны Арғынбек Қалбаев лайық деп танылып, ол 1 млн теңгені қанжығасына байлады.

Жүлделі екінші орынға Қарағанды облысынан келген Төлеген Жаманов, Алматы облысынан Қазырет Бердіхан және маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев табан тіреп, әрқайсысына 600 мың теңгеден берілді.

Ал, үшінші орын Павлодар облысының ақыны Аспанбек Шұғатаевқа, Маңғыстау облысының ақыны Абай Жолмағанбетовке және атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаровқа бұйырды. Әрқайсысы 500 мың теңгеден иеленді.

Сонымен қатар, арнайы жүлдемен батысқазақстандық Талғат Мықи, ақтөбелік Марат Ахметов, маңғыстаулық Алшын Суемов марапатталып, 300 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.

Алғыс хатпен және 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен семейлік ақын Рүстем Қайыртайұлы, Шымкент қаласынан Біржан Байтуов, қостанайлық Тоба Өтепбаев, қарағандылық Тілеген Әділов, маңғыстаулық Азамат Орынбасаров, Райымбек Түзелов, Зейнетолла Қосымбаевтар марапатталды.

















Жоғары қарай