Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жаны құрбан болған дәрігерлерге тағзым етеміз – Талғат Нұрғожин

2020 жылдың 13 шілде 2020 12:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаны құрбан болған дәрігерлерге тағзым етеміз. Бүгін біз оларды еске алып, вирусқа қарсы қайтадан күш біріктіру үшін жұмылуымыз керек. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бүгін, яғни 13 шілде - COVID-19 қаза болған қазақстандықтарды ұлттық аза тұту күні боп белгіленді. Бүгін біз оларды еске алып, вирусқа қарсы қайтадан күш біріктіру үшін жұмылуымыз керек. Өкінішке орай, бұл вирус одан әрі таралуын тоқтатар емес. Біреудің анасын, әкесін, бауырын жалмап жатыр. Барлық қорғаныс шараларына қарамастан ақ халатты абзал жандар да Covid-19 құрбаны болып жатыр. Пациенттің денсаулығын сақтау жолында өз өмірін пида еткен әріптестеріме тіземді бүгіп, басымды иемін. Олардың көпшілігі әлі де вируспен күресте тік тұр. Олар – нағыз батырлар дегім келеді», - деді Талғат Нұрғожин.

Спикер Мемлекет басшысының халық денсаулығын сақтауда бар шараларды жасап жатқанын айтты.

«Аурханалар мен дәріханаларды дәрімен қамту жақын арада қалпына келтіріледі. ПТР талдаулары да көбейеді. Жылжымалы зертханалар ашылады. Науқастарға қосымша стационарлық орындар ашылады. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің профессорлық оқытушылық құрамы, резиденттері мен ерікті студенттері Covid-19 күреске белсене қатысып жатыр. Президентіміз айтқандай, тек дәрігерлер мен мемлекеттің күші бұл күресте жеткіліксіз. Әр қазақстандық белсене кірісуі керек. Мамандардың ұсынысын бұлжытпай орындаған жағдайда ғана біз бұл індетті бірге жеңеміз», - деді Т.Нұрғожин.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда 59 899 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 34 190 адам жазылып шықса, 375 адам коронавирустан көз жұмды.


Жоғары қарай