Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жанымды берсем де вакцина жасауға қатысам: Күнсұлу Зәкария есінде ерекше қалған ерікті жайлы айтты

2021 жылдың 16 желтоқсан 2021 00:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – QazVac вакцинасын жасаушы ғылыми топтың жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария отандық вакцинаны клиникалық зерттеуге қатысқан 3244 еріктіге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Хабар 24» телеарнасынан берілетін «Анығын айтқанда» хабарында Күнсұлу Зәкария QazVac-ты клиникалық зерттеу жұмысы қалай басталғанын еске алды.

«Біз әуелі вакцинаның клиникалық зерттеулері басталғанын айтып ақпарат тараттық. Еріктілер өзі келді. Жан-жақтан біздің ресми поштамызға жазып жатты. Соның ішінде қазақтың бір жігіті ерекше есімде қалды. Былай деп жазады: «Мен еркіті болғым келеді». Біз оған жауап жаздық. «Ол өте қауіпті. Әлі зерттелмеген вакцина, ойланыңыз» деп ескерттік. Сонда ол баланың жазғаны ғой. Біздің қазақтың ер азаматы! «Мен жанымды берсем де, бұған қатысқым келеді» деп жазды ол. Қараңызшы, қазіргі мынандай заманда арамызда осындай керемет азаматтарымыз бар», - деді ғалым.

Сондай-ақ, ол осы іске атсалысқан 3244 еріктіні «Қазақстанның батырлары» деп атады.

«Еріктілердің жеке бас деректерін құпия ұстау керек болғандықтан, ол жігіттің аты-жөнін айта алмаймын. Дегенмен осындай азаматтарымызбен мақтануымыз керек. Жалпы QazVac-тың клиникалық зерттеуіне 3244 ерікті қатысты. Оларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәріміз алғыс айтуымыз керек. Неге десеңіз, бұл енді ғана шығып жатқан өнім еді. 3244 батырымыз тәуекелге барды. Бәріне көп рахмет», - деді Күнсұлу Зәкария.


Жоғары қарай