Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жас сарапшылар Қазақстанның пандемиядан кейінгі экономикасын талқылады

2021 жылдың 25 мамыр 2021 18:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысында Қазақстанның пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бесінші отырысы болды.

Қатысушылар Қазақстан экономикасының пандемиядан кейінгі кезеңдегі үрдістерін, міндеттері мен келешегін талқылады.

Кездесуге ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, клуб мүшелері және шақырылған сарапшылар қатысты.

Сенат төрағасы пікірсайыс алдында Covid-19 пандемиясының әлемдік экономикаға кері әсерін тигізгенін атап өтті.

Қазақстандық ЖІӨ көрсеткіштері 2,6%-ға қысқарды. Көлік, сауда, қызмет көрсету секторлары ең көп зардап шеккен салалардың бірі болды.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар топтамасы қабылданғанын атап өтті.

Табысын жоғалтқан 4,5 млн-нан астам қазақстандықтар өтемақы төлемдерін алды. Зейнетақылар мен жәрдемақылар индекстелді, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті.

Сенат төрағасы шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі қабылданған кешенді шараларды да еске салды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, пандемия жағдайында дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған заңдарды сапалы пысықтау және жедел қабылдау Парламенттің міндеті болып табылады.

«Пандемия әлемдік экономика мен қоғамдық өмірді ұйымдастырудағы белгілі бір процестерді жеделдетті. Осылайша, қашықтықтан жұмыс істеу, қашықтықтан оқыту, бизнесті цифрландыру, интернет арқылы қызметтер ұсыну және тауарлар сатып алу, ресурстар мен тұтынуға ұқыпты қарау біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады. Пандемиядан кейінгі кезеңдегі даму стратегиясы осы және басқа да үрдістерді ескеруі тиіс» , - деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан алдында тұрған бірқатар өзекті міндеттерді атады. Оның ішінде шағын және орта бизнестің даму қарқыны мен жұмыс орындарын қалпына келтіру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен бизнесті цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың мемлекет кірістеріне мөлшерлестігін қамтамасыз ету бар.

Сенат спикерінің айтуынша, биыл бюджет тапшылығы 2020 жылғы ЖІӨ-ге қатысты 3,1%-дан 2021 жылы ЖІӨ-ге қатысты 3,5%-ға дейін өсуі байқалады.

«Бюджет тапшылығы ішкі және сыртқы қарыз алу есебінен қаржыландырылып отыр. Бұл жаңа проблема емес. Келесі 2022-2024 жылдардағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде осы үрдісті өзгерту қажет. Бюджет шикізаттық емес сектор мен өңдеу өнеркәсібін дамыту есебінен толықтырылуға тиіс. Ресурстарды, оның ішінде мемлекеттік ресурстарды үнемдеу еңбекті ұйымдастырудағы жаңа нысандарды қамтамасыз ете алады. Атап айтқанда, қашықтан жұмыс істеу сипаттарын ұлғайтуға, цифрлық платформаларды неғұрлым белсенді пайдалануға болады» , - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы пандемия кезінде айқындалған бағыттар бойынша мамандар даярлауды да өзекті міндет ретінде атады.

Бұл дәрігерлер, әсіресе инфекционистер мен эпидемиологтар, сондай-ақ оқытушылар, IT саласындағы мамандар болып отыр.

«Жалпы, білім беру жүйесі пандемиядан кейінгі кезеңдегі даму стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы керек, өйткені ол өнеркәсіп пен өндірістік секторды білікті кадрлармен қамтамасыз етеді» , - деді Мәулен Әшімбаев.

Пікірталасқа қатысушылар Қазақстан экономикасын қалпына келтіруге қатысты өз болжамдарымен және ұсыныстарымен бөлісті.

Атап айтқанда, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев пандемия кезінде және одан кейін кәсіпкерлер арасында жұмыс күшіне деген қажеттіліктеріне байланысты жүргізілген сауалнама нәтижелері туралы айтып берді.

Шараға шақырылған келесі сарапшы Тимур Одилов еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты өз ұсыныстарын айтты.

Айнұр Әмірбекованың таныстырылымының тақырыбы өнеркәсіпті жаһандық жаңа қауіп-қатерлерді ескере отырып дамыту болды, ал Эльдар Шамсутдинов карантиннен кейінгі кезеңдегі микро және шағын бизнестің жай-күйін талдау нәтижелерімен бөлісті.

Клуб мүшелері де пандемиядан кейінгі даму келешегі туралы өз ойларын бөлісті.

Қуаныш Жайықов Қазақстандағы экономика салаларының даму келешегіне «коронакризис» әсерін модельдеу жөніндегі зерттеулердің нәтижелері туралы айтып берді.

Өжет Шегірбаев дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтіру құралы ретінде экспорттық стратегия туралы пікірімен бөлісті.

Мәулен Әшімбаев талқылауды қорытындылай келіп, сарапшылар айтқан ұсыныс-ұсынымдар Парламент жұмысында пайланылатыны және Ұлттық экономика министрлігі назарға алатынына сенім білдірді.


Басты сөздер: Сенат, Парламент, Экономика,
Жоғары қарай