Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Жасөспірім»: Алматы облысында бір тәулікте 250 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

2021 жылдың 23 ақпан 2021 19:18

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері ақпан айының 22-26 күндері облыс аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу, олардың құқығын қорғау.

«Аталған шараның алғашқы күні 250 әкімшілік құқық бұзушылық анықтадық. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті әкімшілік хаттама толтыру үшін 225 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде кәмілеттік жасқа толмаған баланың түнгі мезгілде үйінен тыс жерде жеке жүруі, олардың ойын-сауық орындарына баруы, оларға темекі және ішімдік өнімдерін сату және тағы басқа деректері бар. Бала тәрбиесіне атүсті қараған 23 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. 6 жасөспірім уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді»,- деді облыстық ПД ЖПҚБ аға инспекторы полиция подполковнигі Медет Құнанбаев.

Тәртіп сақшылары 29 іс материалдарын балалар құқығын қорғайтын арнайы комиссияның қарауына ұсынған. 38 жасөспірім мен 27 қолайсыз отбасы арнайы есепке қойылып, бақылауға алынды.

Полиция өкілінің ақпараты бойынша, алғашқы күні құқық қорғаушылар 315 көңіл көтеру орнын тексерген. Олардың қатарында мейрамханалар мен кафелер, компьютерлік клубтар, сауда орындары және жертөледе орналасқан түрлі ойын-сауық мекемелері бар.

Жоғары қарай