Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысқандардың 50 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады

2021 жылдың 28 тамыз 2021 14:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысқандардың 50 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» сынды бағдарламалар жұмыс істейді. Бағыт өте көп. Ниет болса жұмыс табылады. Көпшілігі кейде жұмыстың бұл түрлеріне барғылары келмейді. Айталық, жастар практикасы бойынша айлық жалақы 73 мың теңге. Жастар бәрі қымбат, ал жалақысы не бәрі 73 мың теңге деп ойлайды. Бірақ, бағдарлама жас буын бірінші дағды алуы үшін іске қосылған», - деді Ержан Біржанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Вице-министрдің атап өтуінше, бұл бағдарламаға қатысқан жас маманға төленетін қаржы мұнымен шектелмейді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан да, жұмыс беруші тарапынан да жалақыны қосымша субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған.

«Бүгінде жастардың қажеттілігі артып келеді. Оларға болмашы жалақыға бола жұмыс істеу қиындық тудырады. Бірақ, қалай дегенде де бірдеңеден бастау қажет қой. Егер жастар бұл бағдарламаларға қатысатын болса, онда өте жақсы. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам мемлекет жалақысын өтейтін жастар тәжірибесіне қатысады», - деді ол.

Айта кетерлігі, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында маман 6 ай бойы жұмыс істейді. Статистикаға сәйкес, осы мерзім ішінде жастардың 50 пайызы сол орынға тұрақты жұмысқа орналасса, қалған 50 пайызы жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Ал келесі бағдарлама «Алғашқы жұмыс орны» деп аталады.

«Алғашқы жұмыс орны» - бұл университет түлегі өз мамандығы бойынша ұйымға жұмысқа орналасуы. Жергілікті атқарушы орган жыл бойы айлық жалақысын өтеп отырады. Бір жыл біткеннен кейін ол аталған ұйымда тұрақты жұмысқа орналасады деген жоспар бар», - деді вице-министр.


Жоғары қарай