Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жастарға жүктелер міндет көп, сенім де мол – Дулат Жүсіпқалиев

2022 жылдың 11 қаңтар 2022 21:01

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында жасаған мәлімдемесінде жастарға артылар сенімнің мол екенін анық аңғартты. Орал қаласы ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев осыған орай өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады.

-Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Отан алдындағы борышын өтеуге барудан жалтаратын жастар аз емес. Бұл, әрине, көңіл көншітетін мәселе емес. Осы орайда Президент: «Жастарымыздың әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», деді. Біз шаһардағы 14-29 жас аралығындағы жас буынмен жұмыстанатын мекеме болғандықтан, бұл мәселенің оң шешімін табуына атсалысамыз, - деді Д.Жүсіпқалиев.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекет тарапынан жастарға жағдай жасалып келеді. Бүгінгі мәлімдемеде де «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына өзгерістер енгізіліп, жастар бастамаларын қолдауға арналған гранттар құны өсетіні айтылды. Аз қолдау емес. Енді соған сай жастар тарапынан да нақты жұмыс керек.

«Шаһар жастары арасында жұмыссыздық мәселесін шешу күн тәртібінде тұр. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолында рухани іс-шаралар легін көбейту басты назарда. Сондай-ақ ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, абыройын асыру үшін оның қадірін қаршадай жастарға жіті түсіндіріп, жүрегіне жеткізу жолында қызмет қыла бермекшіміз», деп түйіндеді сөзін Д.Жүсіпқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әділгерей Зұлхаров жаңа Қазақстанды құруға атсалысу - жастардың борышы екенін айтқан болатын.


Жоғары қарай