Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 432.47
RUB 6.12
CNY 55.78

Жайықта балықтың қырылуы өзеннің ихтиофаунасына қалай әсер етпек

2019 жылдың 13 наурыз 2019 18:51 807

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов Жайық өзенінде осы уақытқа дейін қанша тонна балық жиналғанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 11 наурызындағы көрсеткіш бойынша 111,4 тонна балық жинап алынып, жойылды. Мына мәселеге назар аударуды сұраймын: осы 111,4 тонна балықтың 103 тоннасы екі шаруашылықта қолдан өсірілген бекіре тұқымдас балықтар. Әлбетте, ол балықтарды өсіру үшін қаншама күш-қайрат жұмсалғандықтан, ірі көлемдегі бекіреден айырылып қалу - өкінішті жағдай. Алайда осы суға жіберіліп өсірілген 103 тонна балық - қолдан өсірілген балықтар. Олар өзеннің табиғи популяциясына тікелей әсер етпейді», - дейді Нариман Жүсіпов Атырау облысымен тікелей бейнебайланыс арқылы ОКҚ-да өткен телекөпірде.

Оның айтуына қарағанда, су ресурсының өзіндік популяциясына келер болсақ, 2019 жылдың 2 наурыздан 11 наурызына дейін 8,6 тонна балық жиналып алынған.

«Нақты сандар туралы айта кетсем, біз жыл сайын ғылыми зерттеу жүргізіп отырамыз. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Атырау облысы аумағындағы Жайық өзенінің ихтиофаунасы шамамен 21 мың тоннаны көрсеткен еді. Сәйкесінше, 21 мың тоннаның ішіндегі 8 тонна балықтың үлесі - бар-жоғы 0,04 пайыз. Сол себепті, бұл жағдай жалпы ихтиофаунаға қатты әсер етті деуге болмайды», - дейді Нариман Жүсіпов.

Комитет төрағасының міндетін атқарушы өлі балықты жинау және жою жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын тілге тиек етті.

«Өлі балықты толығымен жинау және жою жұмыстары анықталғаннан кейін ғана бұл жағдайдың қандай әсері болғанын айтуға болады. Осы жылы сондай-ақ, қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен бірге бұған дейін айтылғанындай, Жайық өзенінің түбінде өлі балықтың көптеп табылу жағдайы тіркелген жоқ», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат жариялаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді.

Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған.

Айта кетейік, Атырауда Жайық өзенін балық өлекселерінен тазарту шаралары қолға алынды.

 

 

 

Жоғары қарай