Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жазғы мектеп бірнеше форматта жұмыс істейді

2021 жылдың 24 мамыр 2021 17:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқытуда кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін 26 мамыр мен 19 маусым аралығында жазғы мектеп жобасын іске асырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектепке дейінгі орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «жазғы мектептің» қатып қалған форматы болмайтынын айтты.

«26 мамырда жазғы мектептер ашылады. Дегенмен олқылықты толтыру бір ғана жазғы мектептің жұмысымен шектелмейді. Алдағы оқу жылдарында игерілмеген тақырыптарды бекіту жұмыстары ескеріледі. Жергілікті атқарушы органдар бар, жоғары оқу орындары бар, пелдагогикалық колледждердің үздік шәкірттері бар. Солармен бірге кешенді жұмыс жасалады. Ал қазіргі таңда жазғы мектеп 26 мамырда басталып, 17 маусымды қоса алған күні бітеді. Бұл жерде ұлттық білім академиясы 1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі барлық бағдарламаны қарап, әр пәннің қиын тақырыптарына талдау жасап жатырмыз. Сол бойынша нұсқаулық жасап, мектептерге ұсынып отырмыз», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ, ол жазғы мектепте білім алу ерікті түрде жүргізілетінін ескертті.

Оқушының үлгерімін мұғалім емес, ата-анасы бағалап, қажет деп тапса, қосымша оқытуға жаза алады.

«Қосымша сабақтар ата-ананың қалауымен өткізіледі. Оның форматы да әртүрлі болады. Кейбір мектептерде сыныптар дәстүрлі форматта жұмыс істеуі мүмкін немесе әр оқушымен жеке жұмыс жүргізілуі мүмкін. Яғни, формат оқушының қандай тақырыпты игермегеніне байланысты болады», - деді Майра Мелдебекова.


Жоғары қарай