Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жемқорлық туралы ақпарат берген ақтөбеліктерге 2 млн теңге сыйақы берілді

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 01:15

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өткен жылы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 53 қылмыстық іс тіркеді. Өңірде 11 адам жемқорлық туралы хабарлап, 2 миллион теңге көлемінде біржолғы сыйақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков өткен жылды қорытындылады. Өңірде 53 қылмыстық іс тіркелген. Оның 33-і ауыр қылмыс санатына жатады. 28 қылмыс қаржыны жымқыру, 5-уі лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдалану және 18-і парақорлық. Департаменттің хабарлауынша, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының ТКШ бөлімінің басшысы, «Ақтөбе қаласын тиімді дамыту орталығы» КММ басшысы істі болып, аудандық деңгейдегі бірқатар жергілікті атқарушы органдардың басшылары тізімде бар. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде көптеген қылмыс тіркелген. Олардың алтауы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», бесеуі «Өңірлерді дамыту», төртеуі «Нұрлы жол», үшеуі «Білім мен ғылымды дамыту» және екеуі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламарына тиесілі. Қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 240,8 млн теңгені құрап отыр, оның 201 млн теңгесі өтелді. Сонымен бірге жемқорлық туралы хабарлаған 11 адамға 2 миллион теңге сыйақы берілді.

«Жедел-тергеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарымызға қарамастан, жемқорлықтың тиімді алдын алу мен ауқымды ағарту ісі біздің қызметтегі басым бағыт болып табылады», - деп атап өтті Бауыржан Балғабеков.
Айта кетейік, департамент бюджет қаржысын игеру кезіндегі заңдылықты да назарда ұстайды. Мониторинг кезінде 25 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жалпы сомасы 437,1 млн теңгені құрайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын негізсіз көтеру фактісі анықталған.


Жоғары қарай