Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жеңіс Қасымбек қоқыс шығаратын кәсіпорындардың жұмысына сын айтты

2020 жылдың 29 маусым 2020 22:56

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің проблемасы өзектілігін жоймай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығы – Қарағанды қаласында да қоқыс жинауға қатысты көптеген шағымдар бар. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек коммуналдық қызметтерге тәртіп орнатуды талап етті.

Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары туралы онлайн режимінде өткен аппарат кеңесінде Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков баяндады.

Оның айтуынша, қалдықтар тасталатын орындар қашықтан зондтау арқылы ғарыштан анықталады. Осылайша, 800-ден астам заңсыз қоқыс алаңы табылды. Бүгінде олардың басым бөлігі жойылды. Бірақ бірқатар қалалар мен аудандарда бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Бұл, әсіресе, Қарағанды мен Теміртауға қатысты.

«Тазалық – бұл тұрғындардың бірінші кезекте назар аударатын мәселесі. Проблема өзекті. Қарағандыда қоқыстың жиналуына қатысты шағымдар көп. Мен өзім жаяу жүріп, аулаларды аралаймын. Коммуналдық қызметтердің жұмысы өте нашар жүргізілетінін көріп жүрмін. Қала әкімшілігі тарапынан бақылау жоқ», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі алдағы күндері бүгін айтылған сыннан кейін қандай жұмыстар атқарылғанын тексермек.


Жоғары қарай