Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жер қойнауын игеруде жергілікті кәсіпорындарға басымдық берілмек

2021 жылдың 23 қараша 2021 10:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу жоспары 6,8 трлн теңге болса, соның 46,5%-ын жергілікті кәсіпорындарға беру көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында мәлім етті.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 трлн теңгені құрады. Бұл ретте осы сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46% болды.

Оның ішінде тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту 19,7% құраса, жұмыстарды сатып алу көрсеткіші 51,3%-ға тең. Қызметтерді сатып алуда жергілікті қамту деңгейі 50,3%-ды құрады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жер қойнауын пайдаланушылар 2021 жылы 6,8 трлн теңгенің тауары мен, қызметтерін сатып алуды жоспарлаған.

«Мұндағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші – 46,5% немесе 3,1 трлн теңге. Тауарлар бойынша жергілікті қамтудың үлесі 19,5%, ал жұмыстар бойынша 51,3% болады деп күтілуде. Қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту 52,3% көрсеткішінде болжанады.

Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемінің шамамен 77%-ы үш ірі операторға тиесілі. Олар – «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.». Сатып алудың қалған 13%-ы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының және 10%-ы басқа да жер қойнауын пайдаланушылардың үлесінде», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Жоғары қарай