Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жер учаскесін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына қайтару процесі жеңілдетіледі

2020 жылдың 10 маусым 2020 14:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы 2020 жылғы 3 маусымда бірінші оқылымда мақұлданды .

Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты - туризм объектілерін, су шаруашылығы құрылыс жайларын салу және олардың жұмыс істеуі, Мемлекеттік шекара объектілерін жайластыру мен олардың жұмыс істеуі, қорғаныс мұқтажы үшін бұрын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамынан шығарылған әрі көрсетілген мақсатта пайдаланылмайтын босалқы жерді олардың құрамына қайтару рәсімін оңайлату.

«Бұл өзгерістер экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды әрі қайтарылатын жер учаскелерінде орналасқан табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін сақтау қажеттілігінен туындап отыр. Бұл ретте, мұндай жерді ауыстыру туралы шешім мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде және жаратылыстану-ғылыми, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемелердің жобаларын әзірлемей ерекше қорғалатын табиғи аумақтың санатына байланысты қабылданатын болады», - деді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Заң жобасында 2 заңнамалық актіге: Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Жұмыс тобы заң жобасын жұмыс тобының 3 отырысында және бас Комитеттің кеңейтілген 2 отырысында талқылау барысында уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен 15-ке жуық түзетуді қарады.

Соның нәтижесінде, құжатқа заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсатына байланысты, сондай-ақ заң жобасының нормаларын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіру бөлігінде редакциялық-нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.


Жоғары қарай