Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жол салатын компаниялардың рейтингі: Үздік ұйымдарға қандай басымдық беріледі

2020 жылдың 1 қазан 2020 21:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бас инженері Ратмир Ахметов Қазақстанда жол жөндейтін және салатын компаниялардың рейтингі қалай түзілетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек бүгін «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов ендігі уақытта елімізде жол салатын және жөндейтін мердігер компаниялардың рейтингі әзірленетінін мәлім еткен еді. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бас инженері Ратмир Ахметов компанияның Instagram парақшасында бұл рейтинг қалай жасалатынын айтып берді.

«Сөз басында жол жөндейтін ұйымдардың рейтингі қалай түзілетінін және оларға нақты қандай талаптар қойылатынын түсіндіріп берейін. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқаратын компаниялар үшін 33 критерий белгіленді. Әрбір критерийді заң бойынша ол компаниялар орындауы керек. Біз тек олардың қатарына бірнеше талап қостық», - деді Ратмир Ахметов.

Оның айтуынша компаниялар мынадай талаптарға сай болуы тиіс: құрылыс-монтаждау жұмысын уақытында аяқтау, уақтылы пайдалануға беру, атқарылған жұмыстың сапасы, құрылыс барысында жол үстінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Десе де ең алдымен жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы – басты талаптардың бірі болмақ.

«Өздеріңіз білетіндей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жұмыскерлер үйінен алыс жүріп атқарады. Тиісінше тапсырыс беруші ретіндегі бізге ең алдымен мердігер ұйымның өз жұмысшыларына лайықты еңбек жағдайын жасағаны маңызды. Мәселен құрылыс кезінде жұмысшылартың жатақханасы барлық талаптарға сай болып, футбол алаңынан дейін қарастырылуы керек. Сол секілді құрылысқа жақын аумақта монша болса, вахталық қалашығын көгалдандырса – біз ол компанияға қосымша ұпай береміз. Сол секілді құрылыс компаниясы өз жұмысшыларына айлықты көбірек берсе – біз ол компанияға қосымша ұпай қосамыз», - деді ол.

Сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқаратын компанияның техникаларының (булдозер, автогрейдер) 50 пайызы жаңа болса – тиісінше осы үшін де белгілі бір ұпайға ие болады. Осы критерийлердің негізінде компаниялар A, B, C, D, E санаттарына бөлінеді. А санатына кіретіндері – жетекші компаниялар болмақ.

«Біз үздік шыққан компанияларға қандай артықшылықтарды береміз? Үздік шыққан компанияларға банк кепілдігінің мөлшерін барынша минимумға төмендетуге дайынбыз. Мәселен А санатына кіретін компаниялар 3 пайыздың орнына банк кепілдігі ретінде сақтандыру полисінің 1 пайызын әкеледі. Ал В санатындағы компанияларға сақтандыру полисінің 2 пайызы ғана сұралады. ТОП үздіктердің қатарына кіретін компаниялардан мәселен Құрылысшылар күнінде марапаттау бойынша ұсыныстарын бірінші қабылдаймыз. Одан бөлек бір орыннан сатып алу кезінде де үздік компанияларға алдымен басымдық беріледі. Бұл – өзара тиімді ұсыныс деген ойдамын», - деді ол.


Жоғары қарай