Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жуалы ауданында картоп өсіретіндерге жаңа техника табыс етілді - Жамбыл облысы

2020 жылдың 21 тамыз 2020 05:43

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жуалы ауданында картоп өсірушілерге жаңа техникалар табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында Жуалы ауданының дихандары облыс әкіміне картоп өсіруді дамытуға көмектесу туралы өтінішпен жүгінген болатын. Ұзақ уақыттан бері картоп өсірумен айналысып келе ауданның шаруалары өнім көлемін едәуір арттыру үшін ауылшаруашылық техникасымен және сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге қол ұшын беруді сұраған болатын.

Осыған орай сәрсенбі, 19 тамыз күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті фермерлерге жаңа ауылшаруашылық техникаларын табыстады.

«Бірінші кезекте тұқымға назар аудару керек. Егер сапалы тұқым болмаса, жақсы егін жиналмайды. Екіншіден, техниканың маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Қуатты және заманауи технологияларсыз ауыл шаруашылығымен толықтай айналысу мүмкін емес. Сондықтан біз картоп өсірушілерге алдағы уақытта сапалы жаңа деңгейге көтерілуге көмектесетін бірқатар жобаны әзірледік», - деді Бердібек Сапарбаев фермерлермен кездесуде.

Бүгінгі таңда өңірде 18,8 мың ауылшаруашылық техникасы бар, оның 267-сі картоп өсіруге арналған техника десек, олардың басым бөлігі ескірген. Аймақ басшысы Жамбыл облысында ауылшаруашылық техникасын өндіруді тезірек жолға қою керектігіне көңіл бөлді. Ең болмағанда қарапайым құрал-жабдықты шығарудан бастау керек.

Бүгінде «Тараз» ӘКК АҚ Жуалы фермерлерін заманауи техникалармен қамтамасыз ету үшін «АгромашХолдинг KZ» АҚ-мен ынтымақтастыққа қол жеткізді. Жақында 13 шаруа қожалығы 216 миллион теңгеге 50 бірлік техника сатып алуға лизингіге өтінім берген болатын. Лизинг мерзімі – бес жыл. Бірінші жылы шаруа қожалықтарына демалыс беріледі. Осылайша аталған қаржыға 15 lovol тракторы, тырма, соқа, картоп қазғыш, культиватор және отандық және шетелдік өндірістің басқа да техникасы сатып алынды.

«Бұл жоба бойынша жұмыс бір ай бұрын басталды. Көптеген фермерлер оның тиімділігіне күмәнданып, бізбен жұмыс істеуге ынталары болмады. Ал, жоба іске қосылғаннан кейін бізге лизингіге техника сатып алғысы келетін тағы 10 шаруа қожалығы жүгінді», - деді «Тараз» ӘКК АҚ төрағасы Олжас Қаржауов.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес осы күзде өңірде Trade-in жүйесі іске қосылады деп күтілуде. Бұл автокөлік жүргізушілеріне жақсы таныс, ол бойынша белгілі бір соманы төлеп, ескі ауыл шаруашылығы техникасын жаңасына ауыстыруға мүмкіндік туады. 2020 жылы 100 бірлік техниканы, ал 2021 жылы 400-500 техниканы ауыстыру жоспарлануда.

Келесі маңызды жоба картоп тұқымына байланысты. Жақын арада Жуалыда картоп өсіруші үшін 600 мың тонна голландиялық бірінші репродукциялы тұқым сатып алу жоспарланып отыр. Оған 300 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда Жуалы ауданында негізінен тұқымның 3-4 репродукциясы қолданылады. Ал, голландиялық тұқым өте жоғары сапалы және жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Фермерлер жергілікті алқаптарда өсірілген өніммен төлем жасамақ. Сонымен қатар, «Тараз» ӘКК» АҚ фермерлерге өсірілген картопты сатуда көмектеседі.





Осы ауқымды жобаларды іске қоспас бұрын «Тараз» ӘКК» АҚ өкілдері дайындық жұмысын жан-жақты пысықтаған. Олар бүкіл елді картоппен қамтамасыз етіп отырған Қазақстанның солтүстік аймақтарының жетекші картоп өсірушілерімен кеңесіп, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарының фермерлерімен кездесу өткізген.





Айта кету керек, биыл облыста 11,2 мың гектар аумаққа картоп егілді, оның 25 пайызы немесе 2560 гектары Жуалы ауданына тиесілі. Бүгінгі таңда облыста төрт мың гектар алқаптан 121,3 мың тонна картоп жиналды. Жалпы алғанда, 270 мың тонна картоп жинау жоспарланған.


Жоғары қарай