Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жұмыртқа бағасы 30% қымбаттады

2020 жылдың 27 қазан 2020 13:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 8 айдың қорытындысы бойынша, елімізде жұмыртқа өндірудің көлемі 8%-ға азайып, ал бағасы 30% қымбаттады. Бұл туралы елордада «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жаңа бағдарламаның тұжырымдамасы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіптік кешенге қатысты мемлекеттің негізгі міндеті – ауылдағы адамдарды жұмыспен қамту, еліміздің тұрғындарын азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету. Осы жерде бизнеске қатысты қарама-қайшылық туындайды, себебі бизнестің мақсаты – табыс табу. Егер табыс болса – кәсіпкер ақша салып, дамытуға дайын. Ал табыс болмаса, адамдар жұмысынан айырылса, мемлекетке салық түспейді. Сондықтан ауыл шаруашылығына қатысты бизнес табысты болуы керек», - дейді ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко.

Ол бизнеске қатысты табысты қалай еселеуге болатынын айтты.

«Ең алдымен шығын мөлшерін азайту керек. Өнімнің сапасын төмендету арқылы шығын мөлшерін де азайтуға болады, бірақ біз бұл нұсқаны қарастырмаймыз. Жаңа технологиялар енгізу арқылы да табысты көбейтуге болады. Біз осы бағытты қолдаймыз. Мұны инвестициялық субсидия беру арқылы жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, өнім бағасын қымбаттату арқылы да табысты еселеуге болады. Бұл жерде де мемлекет пен бизнес арасында қарама-қайшылық туындайды. Мемлекет азық-түлік бағасының қолжетімді болғанын, ал бизнес өкілдері қымбат болғанын қалайды», - дейді ол.

Оның сөзігн қарағанда, өткен жылы Үкімет Қазақстанда жұмыртқа жеткілікті деңгейде, тіпті қажетті мөлшерден көп өндірілетінін, сол себепті құс фабрикаларына субсидия төлеуді тоқтатуға болатынын айтқан.

«Біз жылдың басында субсидияның тоқтатылуы өндірістің азаюына және бағаның өсуіне ықпал етеді деп айтқан болатынбыз. Бұл билік пен халықтың көңілінен шықпасы анық. Бірақ іс жүзінде расымен солай болғанын көріп отырмыз. 8 айдың қорытындысы бойынша, елімізде жұмыртқа өндірудің көлемі 8%-ға азайып, ал жұмыртқаның бағасы 30% қымбаттады. Не себепті бизнес жұмыртқаны бұрынғы көлемде өндіре бермеді? Өйткені соңғы екі жылда бизнестің табыс деңгейі нөлден төмен түсіп кетті. Ол тек мемлекет бөлген субсидия есебінен жұмыс істеп тұрған. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияны екі есе қысқартып тастады. Одан бөлек құс тұмауы эпидемиясы болды. Осы орайда біз мемлекеттен қолдау күтеміз, себебі құстар саны мен өндіріс көлемін қалпына келтіруіміз керек», - дейді ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко.


Жоғары қарай