Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жұмыс берушілер вакциналанбаған қызметкерлері үшін қанша айыппұл төлейді

2021 жылдың 3 тамыз 2021 19:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР бас санитар дәрігерінің 14 шілдедегі қаулысында көрсетілген санатқа жататын жұмыс берушілер вакцина алмаған немесе 7 күн сайын ПТР-тестілеу арқылы саулығын дәлелдемеген қызметкерлерді штаттық режимде жұмысқа жіберсе, айыппұл арқалауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі мен 425-бабында осындай нормалар қарастырылған.

Бас санитар дәрігердің 14 шілдедегі қаулысы бойынша жұмысы халықтың шоғырлануымен байланысты қызмет көрсету нысандарына қызметкерлерін 10 тамызға дейін COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен, 1 қыркүйекке дейін вакцинаның екінші компонентімен қамтамасыз ету жүктелген болатын.

Осы талапты орындамаған жұмыс берушілер Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 362-бабының 3-бөлігі және 425-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.

Яғни медициналық қарсы көрсетілімі болмаса да вакцина алмаған немесе 7 күн сайын ПТР-тестілеу арқылы өзінің вирустан аман екенін дәлелдеп отырмаған адамдарды штаттық режимде жұмысқа жіберсе, 14 585 – 1 458 500 теңге аралығында (5-тен 500 АЕК-ке дейін) айыппұл арқалайды.

Айыппұлдың мөлшері жұмыс берушінің мәртебесіне байланысты ұлғайып отырады. Бұл аталған кодекстің 462-бабының 3-бөлігінде көрсетілген.

Аталған нормада мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының, лауазымды тұлғаның өз құзыреті шегінде қойған заңды талаптарын сақтамаған жұмыс берушінің, кәсіпорынның тұтас немесе жеке қызметіне берілген рұқсаттың күші уақытша тоқталуы мүмкін екені айтылған.

Ал айыппұл көлемі келесідей:

- жеке тұлғаларға – 5 АЕК;

- лауазымды адамдарға – 15 АЕК;

- шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК;

- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;

- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК.


Жоғары қарай