Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жұмыссыз қалған 43 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алды

2022 жылдың 18 мамыр 2022 11:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 36,1 мың азаматқа жұмысынан айырылуына байланысты берілетін төлем алғаш рет тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1 мамырдағы жағдай бойынша 43 мың адамға жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем төленді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40%-на дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - делінген мәлімдемеде.

Жұмыстан босатылған адам төлем алуы үшін eGov.kz порталындағы «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімі арқылы онлайн тапсырыс бере алады. Мұнан соң бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 күн ішінде «жұмыссыз» мәртебесі беріледі. Бұл қызметті онлайн режимде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

«Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-нан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады», - деп хабарлайды ведомство.

Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады.

Бұған дейін Қазақстанда жарты миллионнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алып отырғаны хабарланған.


Жоғары қарай