Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Жұмыссыз қалған «ҚазМұнайГаз» қызметкері өтемақы алады

2020 жылдың 18 мамыр 2020 16:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» компаниясынан босап қалған 200-ден астам қызметкерге қандай көмек көрсетіледі? Бұл сұраққа ұлттық компанияның адами ресурстарды басқару жөніндегі атқарушы директоры Дәулетжан Хасанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының орталық аппаратынан босап қалған қызметкерлердің 10 пайызы – біздің еншілес кәсіпорындарға қызметке барады. Олардың карантин шаралары енгізілмес бұрын еншілес компаниялардағы топ-позицияларда еңбек ететініні шешілген. Сонымен бірге, біліктілігі жоғары техникалық қызметкерлер еншілес ұйымдардағы орташа санаттағы вакантты позицияларда жұмыс істейді. Қызмектерлердің қалған 90 пайызы «ҚазМұнайГаз» жүйесінен кетеді», - деді Дәулетжан Хасанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еңбек нарығындағы күрделі мәселеге байланысты «Самұрық-Қазына» қоры жұмысынан босап қалған қызметкерлер үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясының алдына біршама міндет жүктеген.

«Ол қолдау шараларына өтемақы төлемдерінің пакеті кіреді. Біріншіден жұмысынан босап қалған қызметкерлер 3 айлық еңбекақы көлемінде бірыңғай өтемақы алады. Екіншіден оларға айлық жалақысының жартысына тең - тағы алты ай бойы қаржылық көмек көрсетіледі. Яғни, бұл тағы үш реттік айлық еңбекақы мөлшерінде төлем беріледі деген сөз. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалған – жұмыстан босап қалған қызметкерлерге берілетін өтемақы көлемі – 12 айлық төлемақыға тең болады. Үшіншіден босап қалған әрбір қызметкер мен оның отбасындағы адамдар 2021 жылдың ақпан айына дейін компанияның есебінен медициналық сақтандыру қызметтерін пайдалана алады», - деді ол.

Сонымен бірге «ҚМГ»-ның босап қалған қызметкерлеріне несие беру кезіндегі жеңілдетілген пайыздық ставка күшінде қалады.

«Сондай-ақ, оларды жұмысқа тұрғызуда да көмек қолын созамыз. Персоналдың босап қалуы – өте күрделі жағдай екенін түсінеміз. Кейбір адам мұндайда тығырыққа тіреліп қалуы мүмкін. Мәселен бір компанияда жұмыс істеп үйреніп қалған азамат басқа жерден жұмыс таба алмай қалуы ықтимал. Біздің міндет – оларға көмектесу. «Оутплейсмент» атты бағдарлама арқылы оларға карьерлік кеңесші бөліп, дағдылары сарапталып, оларды оқытамыз. Осының бәрі оларды ары қарай жұмысқа орналастыруда көмек болары сөзсіз», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Дәулетжан Хасанов компанияда дағдарысқа қарсы стратегия жасалып жатқанын мәлім еткен болатын.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Мұнай, Экономика,
Жоғары қарай