Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Жүннен иткөйлек тоқитын волонтерлер шала туған нәрестелердің өмірі үшін күресуде

2020 жылдың 13 ақпан 2020 12:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «28 ілмек» волонтерлік ұйымның мүшесі Ләйлә Смағұлова жүннен тоқылған иткөйлектер шала туылған нәрестелердің өмірін қалай құтқаратыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз шала туған сәбилерге арнап жүннен иткөйлек, шұлық тоқимыз. Сәбилер кішкентай болғандықтан, күш-қуаттары аз болады. Ал жүннен тоқылған иткөйлек олардың денелерін тітіркендіріп, көп қимылдауға және бойына қан жүруіне себепші болады. Одан кейін белгілі бір динамика пайда болып, өмір сүру мүмкіндігі артады. Біріншіден, таза жүннен тоқылғандықтан, сәби тоңып қалмайды. Екіншіден, сәбилердің терісі нәзік болғандықтан, жүннен тоқылған иткөйлек олардың қозғалысын арттырады», - дейді Ләйлә Смағұлова Нұр-Сұлтан қаласында республикалық «Birgemiz» фронт-кеңсесінің ашылуынан кейін берген сұхбатында.

Ол медицина қызметкерлерімен тығыз байланыста екендерін айтты.

«Бізде жақында бал болды. Сол кезде ҚР Денсаулық сақтау министрі мен дәрігерлер бізді әріптестері ретінде санайтындарын айтты. Сонда біз жай ғана тоқумен айналыссақ та, медицина қызметкерлерінің қатарындамыз», - дейді ол.

Бұл – «28 ілмек» айналысатын жалғыз көмек түрі емес.

«Бізде перзентханадан шығып қойған сәбилерге күтім көрсететін медбикелерді дайындайтын жоба бар. Бұл массаж және тағы да басқа емдік–сауықтыру жұмыстары. Бұл жұмыстың негізін қалаушы – «28 ілмек» жобасының мүшесі Латиф Парпиев. Ол балаларды оңалту және емдеумен айналысатын патронажды медбикелерді дайындайды», - дейді волонтер.

Сондай-ақ, Ләйлә Смағұлова бұл жоба туралы ой неден туындағанын айтты.

«Менің құрбым, фоторепортаж жасаушы Карла Нұр перинаталды орталықты суретке түсіріп жүрген кезде жүннен тоқылған шұлық киіп жатқан сәбиді көрген. Бұл шамамен 6-7 жыл бұрын болған жағдай. Ол дәрігерлерден сәби не себепті жүннен тоқылған шұлық киіп жатқанын сұрайды. Дәрігерлер оған бәрін түсіндіріп айтқан екен. Осы жағдайдан кейін ол дәл осы жолмен басқа сәбилерге де көмектесу туралы ойлайды. Ол осы жобаның негізін қалады. Қазіргі уақытта бұл идея Қазақстан аумағында ғана емес, әлем бойынша іске асып жатыр. Біз тоқуға керекті заттарды өзіміз сатып алып, тоқып болғаннан кейін перинаталды орталықтарға тегін таратамыз», - дейді ол.


Жоғары қарай