Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жыл сайын 21 мыңға жуық түлек ЖОО-ға түсе алмайды - Ұлттық кеңес

2020 жылдың 22 қазан 2020 15:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова ауыл мектептері түлектеріне оқуға түсу кезіндегі квотаны 50 пайызға жеткізуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл мектептері түлектеріне оқуға түсу квотасын 50 пайызға жеткізу ұсынылды

«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі жоғары оқу орнына түсе алмайды екен. Оның басым бөлігі ауылдан шыққандар, яғни ауылдағы білім мен қаладағы білім тең емес. Бірақ университетке түсетін кезде ауыл мен қала оқушысына талап бірдей қойылады. Осыған байланысты қазір ауылдан шыққан түлектер университетке түсетін болса, 30 пайыз квота қарастырылған. Біз өз тарапымыздан ауылдық түлектерге арналған квотаны 50 пайызға дейін арттыруды сұраймыз», - деді Л. Қожахметова.

Сонымен қатар ол жастар практикасы бағдарламасына тоқталды.

«Диплом алған жас өзінде еңбек өтілі мен тәжірибе болмағаннан кейін, жұмысқа тұра алмай жүреді. Жастар практикасы бағдарламасы арқылы кез келген ұлттық компанияға, мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрса, жұмыспен қамту орталығы оның 6 айлық жалақысын төлейді. Осы мерзімде сол жерде өзін жақсы көрсете алса, бұл мекемелерде жұмысқа қалады. Бірақ жастар практикасы бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге жастар құлықсыз. Себебі оның жалақысы қолға алғанда 60 мың теңге шамасында. Оқуды бітіріп келген жас жігіт 60 мың теңгеге өмір сүре алмайтындықтан, бұл бағдарламамен жұмысқа бармайды. Сол себепті жастар практикасы арқылы төленетін жалақы көлемін көбейтуді сұраймыз», - деді кеңес мүшесі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Л.Қожахметова коронавирустың бірінші кезеңінде дағдарыс орталықтарына жүгінген әйел мен бала көбейгенін айтқан болатын.

Оның сөзінше, көпбалалы отбасылар тарапынан бизнес курстарға деген сұраныс жоғары болды.


Жоғары қарай