Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жылжымайтын мүлік нарығына карантин қалай ықпал етті

2020 жылдың 26 мамыр 2020 19:07

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Карантин Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығына қалай ықпал етті. Бұған Қазақстан риелторлары біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко талдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру нарығында тоқырау байқалған.

«Бүгінде көптеген студенттер, жас мамандар, контрактімен жұмыс істеп жүрген жастар қаладан кетті. Олардың көпшілігі пәтерді жалға алып жүрген. Карантин кезінде көптеген пәтерлер босап қалды», - деді Лариса Степаненко.

Сонымен қатар, карантиннен кейін аса қымбат емес хостелдер, жатақханаларға сұраныс артты.

«Сондықтан, қазір жалға беру нарығында баға түсіп жатыр. Ал сату нарығында баға әлі түспеді. Оған доллардың өскені ықпал етіп жатыр. Біз жылжымайтын мүлік саласының қызметкерлері, риелторлар үнемі сатушыларға айтамыз. Бұл нарыққа доллардың қатысы қанша? Адамдар жалақыны теңгемен алады. Бұған дейін сатылмаған үйіңіз қазір қымбат бағаға сатылатынына сенесіз бе деген сауалдар қоямыз. Экономиканың қарапайым заңын да ескеру керек, тек сұраныс ұсыныстан асқанда ғана баға көтерілуі тиіс. Қазір нарықта керісінше, сұраныс жоқ. Сондықтан баға негізсіз көтеріліп отыр», - деді Л.Степаненко.

Оның айтуынша, жалға алу нарығында көбінесе Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігіндегі ірі қалаларда сұраныс көп.

Сондай-ақ, жекеменшік үйлерге қызығушылық артқан.

Ірі қалаларда адамдар жекеменшік үйді жалға алып болмаса сатып алуға өтінім бере бастаған.

Алайда, маман карантин аясында болжам айтуға болмайтынын айтты.

Бұл біздің сала үшін тәжірибе болды. Нарыққа адами фактордан бөлек факторлар да ықпал ете алатынын көрсетті. Тұтас елдердің нарығына әлемдегі ахуал бір сағатта-ақ ықпал ете алатыны анық болды. Қазір көп ел жабық, адамдар демалуға қашан шығары белгісіз. Тым болмағанда ішкі туризм жанданады деген үміт бар. Ал жалға алу нарығында жаз маусымында ілгерілеу болмайтыны анық. Жалға алушылар пәтерді шекесінен шертіп жүріп таңдай алады», - деді Лариса Степаненко.

Төтенше жағдай режимі аяқталған соң карантин кезінде уақытша тоқтап қалған сату-сатып алу туралы мәмілелер аяқталды.

Алайда, нарықта сонда да белсенділік байқалмайды. Сатып алушылардан сатушылар өте көп.

«Көптеген адамдар үшін үй сатып алу кейінге қалдырылды. Адамдар енді ақшасын жинайтын болады», - деді спикер.

Лариса Степаненко баспана нарығындағы «5-10-20 бағдарламасын» жақсы бағалады.

«Осы бағдарламаны жасау туралы тапсырма жақында ғана шықты. Қазір әзірге оның қандай шарты бар екенін білмейміз», - деді ол.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Экономика, Алматы,
Жоғары қарай