Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Зиябек Қабылдинов: Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиядан ел үлкен үміт күтеді

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 17:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиядан ел үлкен үміт күтіп отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тоқсаныншы жылдары Жоғарғы кеңестің жанынан арнайы комиссия құрылып, көптеген жұмыс атқарылды. Дегенмен кейбір санаттағы азаматтар ақталмай қалған. Сондықтан мемлекеттік комиссияның бүгінгі отырысында сол жұмыстың мақсаты, мәселелері, басқа елдердің тәжірибесі зерделенеді. Айқындалған 10 бағыт бойынша кім жұмыс жүргізеді? Жұмыс жүргізгенде жай ғана топтарды анықтап ақтаймыз ба, әлде есімдерін анықтап, олар жөнінде база жасаймыз ба – сол мәселелерді бүгін кеңінен талқылаймыз. Біздің ойымызша, бүгін көңіл бөлінетін негізгі бағыттар – ХХ ғасырдағы байларды сотсыз қуғындалуы. Сол мәселе бүгін қаралады. Одан кейін діни өкілдер де сол заманда сотсыз жер аударылған, атылған. Сондай санаттарды 10 топқа бөліп, зерттеуші ғалымдарды белгілеп, зерттеп-зерделеп, есімдерін анықтап, келесі жылдың аяғына дейін Мемлекет басшысына ұсыну мақсат ретінде айқындалып отыр», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Оның айтуынша, мұндай жұмыс Ресейде тоқсаныншы жылдары жақсы жүргізілген. Кейін жұмыс тоқтап қалған. Шығыс Еуропа елдерінде, Польшада, Балтық жағалауы елдерінде, Грузия, Украинада жақсы жұмыс жүргізілген. Ал 2015 жылы Украинаның қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның, ішкі істер министрлігінің бүкіл мұрағаттары ашылған.

«Болашақта бізде де осындай мұрағаттар толық ашылса, зерттеу толық жүргізіліп, қуғынға ұшыраған азаматтардың бәрі де ақталар деп ойлаймыз. Осы мемлекеттік комиссиядан ел үлкен үміт күтіп отыр.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Республиканың 100 мыңнан астам азаматы қуғын-сүргін құрбаны болды десек, осы комиссия жұмысының нәтижесі бойынша ол тізім 10 мың адамға дейін ұзарып кетуі мүмкін», - деді ол.

Осы мақсатта профессор арнайы жұмыс топтары мұрағаттармен қызу жұмыс жүргізетінін айтады. Яғни Үкімет оларға тиісті жағдай жасап, қаражат бөліп, мамандарды тартып, жобалық кеңсені ашып отыр.

Еске сала кетсек биыл 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті.

Отырыс барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақсаты – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету екенін еске салды.


Жоғары қарай