Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

102 жастағы майдангер: пандемия деген қарусыз майданда жеңіске жету үшін тәртіп керек

8 Мая 2021 16:33

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Алексей Фирсов ғасырдан астам ғұмырында талай қиындықты, сан түрлі сынақты бастан кешкен. Осынау коронавирус пандемиясы кезінде ол халықты бірлікке, тәртіпке бағынуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алексей Фирсов 1919 жылы 27 наурызда Ресейдегі Пенза облысы Вадин ауданының Васильевка ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Биыл соғыс ардагері 102 жасқа толып отыр. Жеңіс күні қарсаңында өзін жақсы сезінеді, көңіл-күйі де көтеріңкі. Денсаулығында елеулі кінәрәт жоқ. Ара-тұра ыңылдап майдан әндерін айтып қоятыны да бар.

«1939 жылы мені Кеңес Армиясы қатарына шақырып, Чита облысының Забайкальск әскери округіне жіберді. 1941 жылы сұрапыл соғыс басталып кетті. Отанымызды қорғап, жауды жеңіп шыққанда кеудемізді қуаныш кернеді. 46-шы жылы ғана туған ауылыма аман-есен оралдым, - дейді ардагер.

1953 жылы ол Қазақстанға көшіп келген. Қоныс тіреген жері – Шемонаиха ауданының Шемонаиха қаласы. Бүгінгі таңда ардагер кіші қызымен аталған аудандағы Усть-Таловка кентінде тұрады. Оның 7 немересі, 14 шөбересі және 2 шөпшегі бар. Елдегі карантиндік шектеулерге байланысты ардагер өзін-өзі оқшаулаудың барлық шарттарын қатаң сақтауда.

Мейрамға орай ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері соғыс ардагеріне барып, ҚР ІІМ министрі Е.Тұрғымбаевтың құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар Алексей Фирсовқа естелік сыйлықтар берілді. Майдангер қызметкерлерге алғысын айтып, болашақ ұрпаққа тілегін білдірді:

«Біз соғысты көрдік, жеңіске жеттік. Енді осы коронавирус пандемиясына да тап болып отырмыз. Халыққа айтарым – дәрігерлердің кеңестеріне құлақ асыңыздар. Әрқайсыңыз жауапкершілік танытып, карантин талаптарын сақтаңыздар. Тек бірлік пен тәртіптің арқасында бұл сынақты өткереміз».

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мақсат Сейтахметовтің айтуынша, қазіргі ұрпақ соғыста аянбай шайқасқан батырларға мәңгі қарыздар.

«Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін бұл күн ерекше маңызға ие. Жыл сайын 9 мамырда майдангерлеріміз әскери шеруді көріп, құттықтауларды қабылдайды. Алайда биыл екінші жыл қатарынан коронавирус пандемиясына байланысты әскери шерулер тоқтатылды. Бірақ соған қарамастан, біз ардагерлерді назардан тыс қалдыра алмаймыз. Осы ретте, Алексей Фирсовқа мерекелік көңіл-күй сыйлайық деп шештік. 102 жастағы ардагерді мерекемен құттықтап, өз ризашылығымызды жеткіздік», - деді ол.


Наверх